Атырауда бір топ адам намаз оқу үшін жолды жауап тастады деген ақпарат тарады (видео)
Атырауда жұма намазы кезінде адамдар тағы да жолды жауып тастады. Салдарынан кептеліс пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қала тұрғындары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол кептелісіне тап болғанын мәлімдеді. Тіпті тұрғындарға жолдың жабылатыны туралы алдын ала ескертілмеген.
"Осыған байланысты көлік қозғалысы шектелетінін білмедік. Басқа жолмен өтуге тура келді. Тіпті кейбірімізді кері қайтарып жіберді", – дейді көлік жүргізушілері.
Әлеуметтік желілерде көпшілік бұған наразылығын білдірді. Желі қолданушыларының сөзінше, мұндай әрекеттер, әсіресе жұмыс күнінде қажетсіз хаос тудырады. Көпшілік жұма намазы адамдардың күнделікті өміріне кедергі келтірмейтіндей ұйымдастырылуы керек дейді.
Ал Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасына байланысты Құлманов көшесінде қозғалыс уақытша тоқтатылды. Кептелісте қалған көліктер ағынын реттеу үшін жұмыс жүргізілді, дейді.
Алайда, тұрғындар жол-көлік оқиғасының ауыр болмағанын айтады. Сөздерінше, бір көлік екіншісіне аздап тиіп кеткен. Бірақ ешқандай зақым келмеген. Жүргізушілер өзара келісіп, жол-көлік оқиғасын ресми тіркемей көлігін айдап кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, мұндай болмашы оқиға көшенің жабылуына себеп болуы мүмкін емес. Олар полицейлердің әрекетіне наразылығын білдіріп, көлік қозғалысының негізсіз тоқтатылғанын, бұл айтарлықтай қолайсыздық тудырғанын жеткізді.
Жағдайға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсініктеме беріп, намаз оқу үшін жолды жауып, басқа адамдарға зиян келтіруге болмайтынын мәлімдеді.
"Құрметті жұма намазына келуші жамағат! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті жерде намаз оқуға тиым салған. Олар: қоқыс жиналған жерде, мал соятын орында, қабір басында, жолдың үстінде, моншада, мал суарылатын орында және қағбаның үстінде. Жол үстінде намаз оқуға тыйым салуының басты себебі – жол қозғалысына кедергі келтірмеу. Ол көшемен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру көлігі немесе жұмысына асыққан адам жүретіні белгілі. Сондықтан 5 минутқа көшені жауып намаз оқу қаншама ұзын-сонар көше көптелісін туындатады", – делінген хабарламада.
Айта кетейк бұған дейін, Алматыда тұрғындар намаз оқу үшін жолды жауып тастағаны туралы хабарлаған едік. Осылайша қалада кептеліс болып, жедел жәрдем көлігі өте алмай қалған. Кейіннен Мүфтият жолды жауып, намаз оқуға болмайтынын ескерткен.