Атырауда анасын бірнеше рет балағаттаған жігіт қамауға алынды
Атырау облысында анасын балағаттаған жігіт 10 күнге қамауға алынды. Ол бұған дейін де осындай әрекеті үшін ескерту алған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Атырау облысының Махамбет аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігімен Б.А.-ға қатысты іс қаралды.
"Сот талқылауы кезінде Махамбет ауданының жұмыс істемейтін 31 жастағы тұрғыны Б.А. анасын сыйламай, былапыт сөйлейтіні, сөйтіп, отбасы тыныштығын бұзғаны анықталды. Ол осындай теріс әрекетке екінші рет барып отыр. Биылғы жылдың 9 қаңтарында ол осы тектес әрекеті үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылып, ескерту алған. Бірақ, бұрынғы ісінен еш нәтиже шығармай, қайталап құқық бұзушылық жасаған", – делінген хабарламада.
Махамбет аудандық сотының қаулысымен Б.А. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.