Атырауда 50 миллион теңгеге жуық алаяқтық жасаған ер адам шартты жаза алды

Атырауда ондаған миллион теңгеге адамдарды алдаған алаяқ сот залынан босатылды. Жәбірленушілердің кешірімі мен амнистияның арқасында ол нақты мерзімде жазасын өтемей, шартты жазаға кесілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырауда 50 млн теңгеден астам қаражатқа адамдарды алдаған алаяқ түрмеден құтылып кетті. Бұл жағдайға жәбірленушілердің кешірімі мен Конституцияның 30 жылдығына арналған амнистия әсер еткен.
30 жастағы қала тұрғыны адамдарға NCOC компаниясына жұмысқа орналастырып беру, жер телімдерін және тұрғын үй кешендерінен пәтерді арзан бағамен алып беру қызметін ұсынған. Ол өзін "байланыстары бар" адам ретінде көрсетіп, нақты бағалар мен мерзімдерді айтып, сенімге кірген. Тіпті кейде сату бөлімдерінің кеңселері маңында кездесіп, сенімділікті арттырған.
Адамдар оған сеніп, ақшаларын қолма-қол да, түрлі есепшоттарға да аударған. Кей жағдайда ақша оның таныстары мен туыстарының шоттарына түскен. Сомалар бірнеше миллион теңгеге дейін жеткен. Ең ірі оқиғада жәбірленуші әуежай трассасы маңындағы жер телімін алып беремін деген уәдесіне сеніп, 35 млн теңгеден астам қаражат берген. Алаяқ бұл жерде "мәселені шешетін адамдарға шығарамын" деп сендірген.
Тағы бірқатар адамға тұрғын үйді тиімді бағамен алып беремін деген. Мысалы, бір жәбірленуші жеңілдікпен пәтер аламын деп 6 млн теңгеге жуық ақша берген. Сонымен қатар, NCOC-қа жұмысқа тұрғызу үшін де ақша алған: сатылым менеджері қызметі шамамен 4 млн теңге болса, кеңсе көмекшісі үшін 500 мың теңге сұраған.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, уәделерін орындауға мүмкіндігі болмағанын және ақшаны жеке қажетіне жұмсағанын айтқан. Алайда іс қаралғанға дейін ол барлық шығынды өтеп үлгерген. Тоғыз жәбірленуші оған қатысты шағымы жоқ екенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот оны ірі және аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырған. Алайда амнистияға байланысты жаза 4 жылға қысқартылып, шартты жазаға ауыстырылған. Осылайша, ол сот залынан босатылды.
- "Баспана мен көлік алып береміз деп алдаған": Семейде алаяқтар тұрғындарды 1 миллиард теңгеге сан соқтырған
- Қазақстанда алаяқ танымал онлайн ойын арқылы балалардан ақша ұрлаған
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында ерлі-зайыпты WhatsApp арқылы ыдыс-аяқ сатып, 112 адамды алдап соқты. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап жұп WhatsApp-та ыдыс-аяқ пен тұрмыстық заттарды нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағамен сату туралы хабарландырулар жариялаған. Алаяқтар бірінші клиенттерге шын өнім жеткізіп, сенім қалыптастырған. Содан кейін олар тапсырысты қабылдап, ақша алған соң міндеттемелерін орындамай, қаражатты өз мақсаттарына жұмсаған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған