Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысындағы зауыттардың бірі электр қуатының жетіспеушілігінен миллиондаған теңге шығынға ұшырап отыр

Кәсіпорындағы жұмыс барысыФото: inbusiness.kz

Атырау облысындағы "ИСИ Гипс Индер" гипсокартон өндіру зауыты электр қуаты мен логистика мәселелері кесірінен миллиондаған теңге шығынға ұшырап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Respublica партиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау облысы Индер ауданына жұмыс сапары аясында мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров гипсокартон өндіру зауытының басшылығымен кездесіп, өндіріс дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар өзекті мәселені талқылаған.

Зауыт директоры Жолдас Өмбетяровтың айтуынша, кәсіпорын апта бойы жарықсыз қалған кездері болған, бұл өндірістің тоқтауына және жабдықтың істен шығуына әкеп соқтырады.

"Әкімдік өңірдегі электр энергиясының жетіспеушілігін басты себеп ретінде көрсетеді. Алайда әрбір өшіру – бұл тікелей шығын. Біз техникадан айырыламыз, өндіріс ырғағынан шығамыз, ал келтірілген залалды ешкім өтемейді", – дейді Өмбетяров.

Кәсіпорынға кедергі болып отырған тағы бір мәселе – логистика. Өнім тасымалын қамтамасыз ететін теміржол желісі шұғыл жөндеуді қажет етеді. Алайда қазіргі уақытта бұл желі жеке меншікте, ал кәсіпорын директорының айтуынша, иесі инфрақұрылымды жаңғыртуға қаржы салуға ниетті емес.

"Біз өндірісті кеңейтуге дайынбыз: шикізат қоры, мамандар мен технология бар. Алайда логистикалық шектеулер жағдайында бұл мүмкін емес. Бұл теміржол желісін "Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясының балансына беру мәселені едәуір жақсартар еді деп есептейміз", – деді ол.

Құрылыс қалдықтарын шығаратын арнайы полигонның болмауы да қолға тұсау. Қазіргі таңда кәсіпорын бұл қалдықтарды Атырауға тасуға мәжбүр, бұл шығынды арттырып, экономикалық тиімділікті төмендетіп отыр.

Кәсіпорын басшылығы бұған дейін өндірісті Атырау облысында кеңейту мүмкіндігін қарастырғанын, алайда шешілмеген инфрақұрылымдық мәселелерге байланысты екінші зауытты Тараз қаласында салуға мәжбүр болғанын атап өтті. Онда логистика мен энергетика мәселелері әлдеқайда жақсы жолға қойылған.

"Бұл – өңір үшін үлкен мүмкіндіктен айырылу. Біз осында қаржы салып, жұмыс орындарын ашып, қосымша салық түсімдерін қамтамасыз ете алатын едік", – дейді кәсіпорын директоры.

Депутат Айдарбек Қожаназаров бұл мәселе жүйелі шешімді талап ететінін және орталық мемлекеттік органдар деңгейінде қаралатынын атап өтті.

Айта кетейік, "ИСИ Гипс Индер" зауытында  ылғалға төзімді, отқа төзімді және стандартты гипсокартон өндіріледі. Зауытта 125 адам еңбек етеді, жыл сайынғы өндіріс көлемі – 5,8 миллион шаршы метр гипсокартон.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 17:37
Талқылау
`