Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында бір отбасының жоғалуы: Күдіктінің анасы ұлын полицияға берілуге шақырды

Атыраудағы жоғалған отбасыФото: Видеодан скриншот

Атырау облысында із-түзсіз жоғалып, кейін өлі күйінде табылған 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен оның 1961 жылы туған жұбайы Насипа Өтешқалиеваны өлтірді деген күдікке ілінген 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевтің анасы Гүлнар ұлының елге оралуын қалайтынын айтып, оның "жасаған ісі үшін жауап беруін" талап етті.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Күдіктінің анасы Гүлнар журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында ұлының кінәлі екеніне сенбейтінін, бірақ соған қарамастан оның елге оралуын қалайтынын айтты.

“Ұлым қайтып келіп, жасаған ісіне жауап бергенін қалаймын. Егер өз қолымен істесе, мойнына алсын. Маған да оңай емес. Келсін де, жазасын алсын”, – деді ол.

Сондай-ақ Гүлнар бұл іске ұлының қатысы бар болуы мүмкін емес екенін жеткізді.

“Мен ұлымды білемін. Қаннан қорқады, тіпті қой да соя алмайды. Мұндайға барды дегенге сенбеймін. Біреу ұстап отырғандай көрінеді. Мұнда оның бес баласы бар. Немерелеріме “Аналарың ауырып, емделуге кетті” деп айтып жүрмін. Ұлыма “Қайтып кел, балаларды ойла, кінәң болса мойында” деп жазамын. Оны бәрі іздеп жатыр”, – дейді күдіктінің анасы.

Оның айтуынша, екі айдан бері ұлы байланысқа шықпаған, тіпті бес баласына да хабарласпаған.

Күмәнді хаттар мен туыстардың күдігі

Марқұмдардың туыстары жоғалған Наурыздың жазбаларына назар аударған. Оның немере ағасы Шалқар Мұқанғалиев хабарламалардың жазылу мәнері күрт өзгергенін айтты.

“Жазда қалаға кеткеннен кейін хаттарды қайта оқыдым. Екі түрлі адам жазғандай әсер қалдырды. Тым сауатты, диктант сияқты – үтірлері қойылған, қате жоқ. Біреу оның атынан жазды ма деп күдіктендік. Бірақ арыз бергеннен кейін ол байланысқа шықпады”, – деді ол.

Оның сөзінше, қылмысты бір адам емес, бірнеше адам жасауы мүмкін деген күдік бар.

“Ешқандай айғақ жоқ. Бәрін қарап шықтық. Алдын ала дайындалған сияқты”, – дейді туыстары.

Атыраудағы жоғалған отбасыШалқар Мұқанғалиев. Фото: Видеодан скриншот

Отбасындағы жанжалдар мен диагноз

Күдіктінің анасы келіні Ақбаяннің денсаулығына байланысты дерек айтты.

“Қазан айында оған бірінші топтағы мүгедектік берілді. Психиатриялық диагнозы болды. Кейде балаларға қол көтеретін. Ұлыма дәрігерге көрсет деп айттым, ол Атырауға апарды”, – дейді ол.

Қаза тапқандардың туыстары да Ақбаян мен анасының қарым-қатынасы қиын болғанын растады.

“Анасы бізге келгенде жылап, қызы сөйлеспей қойғанын айтқан”, – дейді туыстары.

Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиевтің анасы ұлы мен Ақбаянның 2022 жылғы 22 қыркүйекте ажырасқаны туралы құжат бар екенін де айтты.

“Ол кезде дені сау еді. Ұлым ажырасуға қарсы болды. Бастаманы оның анасы көтерген, — дейді ол.

Ақша, несиелер және мал сату

Отбасы жоғалғаннан кейін қаржылық жайттар да анықтала бастаған. Туыстарының айтуынша, Максот Қарабалиннің шотынан күйеу баласының есепшотына 1 миллион 400 мың теңге аударылған. Күдіктінің анасы бұл туралы “естімедім, сенбеймін” дейді.

Сонымен қатар марқұмдардың қызы Мейрамгүлдің атына 3 миллион теңге несие рәсімделген.

“Ол даму жағынан бала сияқты еді, өздігінен несие ала алмайды. Біреу мәжбүрлеген немесе қорқытқан болуы мүмкін”, – дейді туыстары.

Олардың сөзінше, Максот Қарабалин қайтыс болғаннан кейін 17 қой мен екі сиыр сатылған, тағы 21 ешкі ақысыз берілген.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Отбасы 2025 жылдың күзінде жоғалған. Іздеудегі адамдар 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев. Отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Артынша отбасының үйінің ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды. Олардың балалары әлі де із-түссіз жоғалғандар қатарында.

Осы іс бойынша желіде өзін “атыраулық хакер” таныстырған ер адам жоғалған адамдардың SIM карталарын анықтап, қаржылық операциялары арқылы күдіктінің отбасының күйеу баласы болуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Кейінірек полиция атыраулық хакерге халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады.

Полиция отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті – отбасының 29 жастағы күйеу баласы, Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев. Полиция күдіктінің қайда екенін білетінін және жақын арада тұтқындайтытын мәлімдеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 01:58