Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Шухрат Данбай сот үкімімен ақталып шықты

Атыраудың №2 сотында Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы директоры Шухрат Данбайға қатысты іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Данбай Шухрат

Айыпталушылар қатарында сатып алулар департаментінің директоры да бар. Ресми деректерге сүйенсек олар лауазымдарын асыра пайдаланып, пайда көргісі келген (Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы). Әрі мұны алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жүзеге асырған. 

"Сотталушыларға 2019-2020 жылдары АМӨЗ-де "Мұнайды терең өңдеу кешенін" салу кезінде ЖШС жарғысының және регламенттелген шарттың талаптарын бұзып, мердігерден жеткізілген ақаулы құрылғының құнын талап ету жөнінде шаралар қолданбағаны немесе мердігердің кепілдік міндеттемелері бойынша осы құрылғыларды ауыстыруды талап етпегені үшін айып тағылған", – делінген сот хабарламасында.

Тергеу пікіріне сәйкес айыпталушылар 2,9 миллиард теңгеден аса залал келтірілген.

"Сот АМӨЗ-да Кешен құрылысын салу кезінде жұмыс көлемі ұлғайғанын анықтады. Бұл ретте мердігерлер қосымша шығындарға ұшыраған, бұл мемлекеттік сараптамалардың қорытындылары арқылы расталды. Сондықтан тараптар қосымша шарттар жасасып, оған сәйкес кепілдік көрсеткіштерге қолжеткізілмегені және анықталған ақаулар үшін мердігерлерден сомалар ұсталды. Бұдан басқа "ҚазМұнайГаз" АҚ және "АМӨЗ" ЖШС кешенді салу кезінде оларға залал келтірілмегені туралы анықтама берді", – делінген сот мәліметінде.

Сот Шухрат Данбай мен сатып алулар жөніндегі департамент директорының әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп танып, тағылған айыптар бойынша ақтап алды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 

Назархан Уән
Жұма, 26 Мамыр, 2023 14:28
Талқылау