Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау мұнай өңдеу зауытына тұрғындардың шағымынан кейін 520 млн теңге айыппұл салынды

Атырау мұнай өңдеу зауытына тұрғындардың шағымынан кейін 520 млн теңге айыппұл салындыФото: Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі

Атырау мұнай өңдеу зауытына тұрғындардың ауадағы өткір иіске қатысты шағымдарынан кейін 520 млн теңге айыппұл салынды. Экология департаментінің жоспардан тыс тексерісі барысында табиғатты қорғау заңнамасын өрескел бұзу фактілері анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметовтің айтуынша, салынған айыппұл толық көлемде өндіріліп алынған.

Тексеру нәтижесінде тиісті рұқсатсыз факельдік шығарындылар жүзеге асырылғаны, сондай-ақ ағынды сулардың ірі көлемде заңсыз төгілгені тіркелді.

Бұған дейін Атырау облысы экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов хабарлағандай, желтоқсан мен қаңтар айларында кәсіпорында технологиялық ақаулар орын алған. Апаттың алдын алу мақсатында зауыт ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғысының факельдік жүйесі арқылы экологиялық рұқсатсыз шығарындылар жасаған. Сонымен қатар, ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысында газды нормативтік құжаттарсыз жағу фактісі анықталған.

Жеке бір эпизод "Тухлая балка" булану алаңына қатысты. Тексеру барысында диаметрі 500 мм болатын жасырын құбыр табылып, сол арқылы ағынды сулар ашық аумаққа рұқсатсыз төгілгені белгілі болды. Экология департаментінің мәліметінше, бір учаскеде 20 мың текше метрден астам, ал екіншісінде шамамен 24 мың текше метр ағынды су төгілген. Ластанған аумақтың жалпы көлемі шамамен үш гектарды құрайды.

Департамент өкілдері бұл заңбұзушылықтардың жүйелі сипатқа ие екенін атап өтті. Мұндай фактілер бұған дейін де тіркелген. Кәсіпорынға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Асқар Жүсіповтің айтуынша, санкциялар бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

“Бүгінгі таңда үш хаттама толтырылды, сот шешімімен Атырау мұнай өңдеу зауыты 520 миллион теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деді Әлібек Бекмұхаметов.


Сот ақтап шыққан Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-басшысы қонақүйде қайтыс болды


Экология департаментінің "Ақ Жайық" басылымына берген жауабында кәсіпорын қызметін уақытша тоқтату мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отырғаны айтылған.

Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі айыппұл салынғанын растады. Алайда кәсіпорын экологиялық заңнаманы бұзды деген айыппен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірген.

Еске салайық, қаңтар айында Атырау қаласы мен оның маңындағы елді мекендер тұрғындары ауадағы күкірт иісіне қатысты жаппай шағымданған. Осыдан кейін экология департаменті мен "Қазгидромет" мамандары ауа сапасына өлшеу жұмыстарын жүргізді.

Ең күрделі жағдай Химпосёлок ауданында тіркелді. Мұнда күкіртсутек концентрациясы шекті нормадан 36 есе асып кеткен. Тасқала ауылында бұл көрсеткіш 17,5 есе, ал іргелес аумақта 15 есе жоғары болған. Аталған барлық нүктелер Атырау мұнай өңдеу зауытына жақын орналасқан.

Комитеттің мәліметінше, өлшеу жүргізілген сәтте жел зауыт жағынан тұрғын аудандарға қарай соққан, ал жоғары ылғалдылық иістің таралуын күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар, мұнай өңдеу зауыты тексеру қорытындыларымен келіспейтінін білдірді. Әлібек Бекмұхаметовтің айтуынша, кәсіпорын тексеру актісінің күшін жоюды сұрап, жоғары тұрған органға жүгінген.

Еске салсақ, осыған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытына санитарлық талапты бұзғаны үшін 7 млн теңгеге жуық айыппұл салынған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 19:29