Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атырау" мен "Семей" футзалдан Қазақстан чемпионатының алғашқы жартылай финалистері

Фото: “Семей” футзал клубының баспасөз қызметі

Футзалдан Қазақстан чемпионатының алғашқы жартылай финалистері анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Атырау” футзал командасы жартылай финалға бірінші болып жолдама иеленді. Батыстық клуб шымкенттік “Ордабасы” командасын екі ойында жеңіп келесі кезеңге шықты.

Шымкентте өткен алғашқы ойында алаң иелері Нұрбек Қабылбаевтың арқасында таблода есеп ашқан еді. Араға 10 минут салып атыраулықтар сапында Габриэль есепті теңестірді. Осылайша қарсыластар ойынның негізгі кезеңінде жеңімпазды анықтай алмады. Бекітілген ереже бойынша негізгі уақытта жеңімпаз анықталмаған жағдайда матч қосымша уақытқа созылады.

Экстра-таймда Алиссон батыстық команданы алғаш рет есепте алға шығарды. Бір минуттан соң қонақтар автогол арқасында есепті 3:1-ге жеткізді. Одан соң Олег Кручинин “Атыраудың” төртінші голын соқты. Ал қосымша уақытта шымкенттіктер Бауыржан Өмірбаевтың жалғыз голымен ғана жауап бере алды. Алғашқы ойында “Атырау” қонақта 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан футзал федерациясы бекіткен ереже бойынша ширек финалдық матчтар екі жеңіске дейін созылады.

Араға санаулы күн салып қос команда Атырауда қайта жолықты. Бұл ойын толықтай алаң иелерінің басымдығымен өтті. Матчтың алғашқы кезеңінде Олег Кручинин мен Алиссонның соққан голдарының арқасында батыстық команда жеңіске жетті. Қорытынды есеп 2:0. Қос ойын нәтижесінде жеңіске жеткен “Атырау” жартылай финалға алғаш болып жолдама алды. Ал “Ордабасы” ойыншылары биылғы маусымды ширек финалдан аяқтады.

Жартылай финалдың екінші жолдамасына “Семей” ие болды. Былтырғы жылғы ел чемпиондары ширек финалда Оралдың “Бәйтерегіне” қарсылас атанған еді. Ішкі біріншілікті 1-ші орынмен аяқтаған Аслан Смақовтың командасы 8-ші орынды иелік еткен клубты оңай өтетінін көпшілік болжаған. Оралдағы су жаңа спорт кешені “Жайық Аренада” өткен алғашқы матчта қонақтар 3:0 есебімен жеңді. Сөйтіп ¼ финалдың алғашқы ойынында өз қақпасына гол жібермеген жалғыз команда атанды. Айта кетейік, бұл ойында қос гол автоголдан салынса, Камиль Герейханов семейліктер сапында гол соққан жалғыз ойыншы болды.

“Абай Арена” спорт кешенінде өткен қарымта ойында жанкүйер 8 голды тамашалады. Өз алаңында кеңінен көсілген семейліктер қарсыластар қақпасына 5 гол соқты. Чемпионаттың ең үздік сұрмергені Дедезиньо дубль авторы атанса, Кандидо, Салхи, Герейханов бір-бір голдың авторы атанды. Ал оралдықтар сапында Штибегов, Бөлекбаев және Рикардиньо көзге түсті. Қорытынды есеп 5:3, былтырғы чемпиондар жартылай финалға жолдама алды.

Айта кетейік, биылғы маусымда “Семей” клубы Қазақстан кубогының жеңімпазы атанған болатын. Аслан Смақовтың командасы финалда Алматының “Қайрат” командасын жеңген еді.

Осылайша Қазақстан чемпионатының жартылай финалына шыққан екі команда белгілі болды.

Өзге жұптарға назар салсақ, рудныйлық “Аят” алғашқы ойында “Ақтөбеден” қонақта қосымша уақытта 3:2 есебімен ұтылған болатын. Бүгін өткен жауапты матчта рудныйлықтар өз алаңында қарсыластың тас-талқанын шығарды. Қорытынды есеп 5:1, екінші матчта жеңіске жеткен Василий Смолиннің командасы жеңімпазды үшінші ойында анықтайды.

Ереже бойынша екі матч нәтижесі бойынша есеп теңессе чемпионаттың негізгі кезеңінде турнирлік кестеде жоғары орын алған команда үшінші ойынды өз алаңында өткізуге мүмкіндік алады. Сондықтан келесі ойын “Аят Аренада” өтпек.

Ширек финалдың төртінші жұбы алматылық “Қайрат” алғашқы ойында күтпеген жерден талдықорғандық “Жетісу” клубынан 3:2  есебімен жеңіліп қалды. Сенсациялық нәтиже тіркеген жетісулықтар бүгін қонақта екінші матчты өткізеді.

 

Абылайхан Палмағанбет
Сенбі, 31 Мамыр, 2025 19:38
Талқылау