"Атырау" футбол клубы үш есе арзан бағамен төртінші рет саудаға шығарылды

"Атырау" футбол клубы осымен төртінші рет саудаға шығарылды. Әлі жаңа иесін таппаған клубты бұл жолы 3,3 есе арзан бағада сатпақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алғаш рет клуб 2026 жылғы 17 ақпанда саудаға қойылды. Бағасы 250 808 000 теңге болып белгіленді. Алайда футбол активін иеленгісі келгендер табылмады. Қайта сауданы 10 наурызға жоспарлап, бағаны 175 565 600 теңгеге дейін төмендетті. Бірақ нәтиже өзгермеді. Өтінімдер болмағандықтан, сауда өтпеді. Үшінші әрекет 27 наурызда өтті. Бұл жолы әлеуетті сатып алушыларға қосымша жеңілдік ұсынылып, лот 125 404 000 теңгеге бағаланды. Дегенмен бұл жолы да сәтсіз аяқталды.
Енді төртінші әрекет – сауда 17 сәуірге белгіленді. "Облыстық футбол командасы "Атырау" ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 100% үлес бастапқы бағадан 3,3 есе арзан – 75 242 400 теңгеге ұсынылып отыр. Саудаға қатысқысы келетіндер 37 621 200 теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуге тиіс.
ФК "Атыраудың" нарықтық құны – 250,8 миллион теңге. Бұл бағаны 2025 жылғы желтоқсанда "Тәуелсіз бағалау-құқықтық орталығы" ЖШС анықтаған. Қазір клуб мемлекет меншігінде. Болашақ иесіне қойылатын талаптар алғашқы тендерден бері өзгермеген. Негізгі талаптардың бірі – жекешелендіру келісімшарты жасалғаннан кейін үш жыл ішінде өз қаражаты есебінен футбол академиясына арналған мамандандырылған спорт кешенін салу. Оның шамамен құны кемінде 1 миллиард теңге болуға тиіс. Сондай-ақ жаттығу базасы мен стадионды (мүмкін, 1950 жылы салынған, 8660 орындық "Мұнайшы" стадионы) тиісті деңгейде ұстау қажет.
Үш жылдан кейін клубтың футбол орталығында бастапқы және оқу-жаттығу топтарын қоса алғанда, кемінде 1000 адам оқуға тиіс. Қажет инфрақұрылым болған жағдайда облыс аудандарында футбол орталығының филиалдарының жұмысын қамтамасыз ету керек.
Талаптар тізіміне дарынды балалар мен жасөспірімдерді іріктеу жұмысы да кіреді. Жаңа иесі "жергілікті және қазақстандық футбол тәрбиеленушілерін негізгі құрамға жүйелі түрде тартуды" қамтамасыз етуге тиіс.
Жаңа иесі клуб командасының Қазақстан чемпионатына (ҚПЛ) қатысуын қамтамасыз етуге міндетті. ҚПЛ командасында кемінде 25 кәсіби футболшы, екінші лигада да кемінде 25 ойыншы және кәсіби әйелдер командасында да кемінде 25 ойыншы болуға тиіс.
Талаптар клубты басқаруға да қатысты. Басқару тиімді әрі тұрақты болуы керек, кірістер мен шығыстар бойынша қаржылық есеп жыл сайын аудиттен өтуге тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға клубтың қаржы-шаруашылық, спорттық және инвестициялық қызметі туралы жыл сайын кешенді есеп ұсынылуы қажет.
ФК "Атырау" – Қазақстанда электронды сауда арқылы сатылып жатқан алғашқы футбол активі емес. Бұған дейін дәл осындай тәсілмен қарағандылық "Шахтер" Freedom Holding Corp мажоритар акционері Тимур Турловқа (55,3 млн теңгеге), "Актобе" ФК – Qazaq Stroy иесі Нұрлан Артықбаевқа (364,4 млн теңгеге), ал түркістандық "Туран" – Ordabasy Group акционері Дінмұхамед Идрисовқа (1,1 млн теңгеге) сатылған.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды