Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аты-жөнінде қазақша әріптері бар жанкүйерлер "Қайрат" пен "Реал" матчына билет ала алмаған

Аты-жөнінде қазақша әріптері бар жанкүйерлер

Видеодан скрин

"Қайрат" пен "Реалдың" тарихи кездесуiне билет алмақ болған жанкүйерлер Ticketon сайтының қазақ әріптерін қабылдамайтынын айтып шағымданды. Аты-жөнінде қазақ қаріптері барлар билет ала алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ticketon өкілдері жүйе қалыпты режимде жұмыс істегенін, ал ұйымдастырушылардың басты мақсаты – билеттерді алыпсатарсыз әділ сату болғанын айтқан еді. Осы мақсатта "бір ИИН – бір билет" ережесі енгізілді. Компанияда қазақ қаріптеріне қатысты қиындықтар болғанын алайда жекеленген жағдайлар ғана орын алғанын жеткізді. Компания тексеру жүргізетіні, алайда қателік кейбір құрылғылардың өздерінен болуы мүмкін екенін алға тартқан.

"Интернетте біздің сервис қазақ әріптерін қолдамаған деген ақпарат тарап жатыр. Айта кетейік, мұндай жағдайлар жекелеген сипатта болды. Олардың себептерін техникалық бөлім әлі анықтаған жоқ. Бұл пайдаланушылардың жекелеген құрылғыларының баптауларына байланысты болуы мүмкін. Билеттерді сату сервистері осы уақыттың бәрінде қалыпты жұмыс істеп, үш тілде қолжетімді болды", – деді Freedom Ticketon компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелдиев.


Мүмкіндігі болса, сатып алады – Вице-министр "Қайрат" – "Реал" матчының билет бағасы туралы


Алайда Threads желісінің қолданушылары бірнеше құрылғымен кірсек те, Ticketon сайты қазақ әріптерін қабылдамайтынын жарыса жазды. 

"Ticketon 3 тілде де ақпартыңды енгізіп, билет алуға болады деп жалған ақпарат таратты. Қазір ғана үш ноутбукпен(Windows, MacOS, Android) тексеріп көрдік. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Ticketon қателеріңізді мойындап, олқылықпен жұмыс істеудің орнына, неге елді алдап отырсыздар", "Бұл жекеленген жағдай емес, бұл мәселе көп адамда болды", "Тіл туралы заңның бұзылғанының көрінісі", "Байкот жасау керек" – деп жазды желі қолданушылары. 

Еске салсақ, Қайрат – Реал матчына билетті алыпсатарлардан алғандар стадионға кіргізілмейтіні туралы жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сенбі, 27 Қыркүйек, 2025 15:51
Талқылау