Аты аңызға айналған боксшы Джордж Форман қайтыс болды
АҚШ-та 76 жасында әйгілі америкалық боксшы, ауыр салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада чемпионы Джордж Форман қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі TMZ порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: boxing-video.com / Джордж Форман
"Біздің сүйікті Джордж Эдвард Форман-біріншінің 2025 жылдың 21 наурызында жақындарының ортасында өмірден өткені туралы терең күйзеліспен хабарлаймыз", – деп мәлімдеді боксшының туыстары.
Форман 1968 жылы Мехикода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Осыдан кейін кәсіпқой боксқа ауысып, WBC, WBA және IBF нұсқалары бойынша ауыр салмақта әлем чемпионы атанды.
Айта кетейік, 1973 жылы Джордж Форман жеңілмеген чемпион Джо Фрейзерді жеңіп, кәсіби мансабын бастағанына бірнеше жыл ғана болса да, алғашқы чемпиондық титулын иеленді.
1974 жылы 25 жастағы, әлі жеңілістің ащы дәмін татпаған Форман тарихтағы ең есте қаларлық жекпе-жектердің бірі – "Джунглидегі гүрсіл" деп аталған кездесуде Мұхаммед Әлимен рингке шықты. Бұл Заирде өткен айқаста Форман сегізінші раундта нокаутпен жеңілді.
1977 жылы ол бокстан кетіп, афроамерикалық шіркеуде пастор болды. Алайда 10 жылдық үзілістен кейін спортқа оралып, 1994 жылы 45 жасында 26 жастағы Майкл Мурерді жеңіп, қайтадан әлем чемпионы атанды.
Осы жеңісімен Джордж Форман ауыр салмақтағы ең қарт әлем чемпионы ретінде тарихқа енді. Оның оралуы мен чемпиондық атаққа қол жеткізуі спорт тарихындағы ең керемет жетістіктердің бірі болып саналады. 1997 жылы 76 жеңіс (оның 68-і нокаутпен) және 5 жеңіліспен Форман бокстағы мансабын түбегейлі аяқтады.
Еске салайық, бұған дейін "Барыс" клубының бұрынғы қорғаушысы Томаш Клоучек қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқанын жаздық. Чехиядағы тау шаңғысы курортында бұрынғы хоккейші Томаш Клоучек электр бағанына соқтығысу салдарынан қаза тапты. Клоучек небәрі 45 жаста еді. Бұл туралы оның жұбайы Барбора Клоучкова 17 наурызда хабарлады.