Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АТФБанк Jusan Bank-ке қосылды

Jusan Bank пен АТФБанктің акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуы туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Екі банкті біріктіру аяқталғаннан кейін Jusan Bank активтерінің көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды. Қазіргі таңда халыққа ыңғайлы заманауи банк құру мәселесі жолға қойылып жатыр. 

"Біз қаржылық позициялары берік және цифрлық сервистері аса ыңғайлы сенімді әрі заманауи банк құрып жатырмыз. Клиенттік базаларды біріктірудің және алдыңғы қатарлы заманауи технологияларды енгізудің арқасында біз біріккеннен кейін 10%-дан көп құрайтын нарықтағы өз үлесіміздің одан әрі қарқынды өсетініне сенімдіміз", - дейді Jusan Bank директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу. 

АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылу үдерісін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуына рұқсат алу туралы барлық тиісті құжаттар заңнамада белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігіне жіберілетін болады.

"Біз АТФБанктің барлық клиенттеріне "қош келдіңіздер" дегіміз келеді және олар Jusan цифрлық экожүйесінің барлық артықшылықтарына өзінің жоғары бағасын береді деген сенімдеміз. Біз алдағы бірігу процесстерінің әрбір клиентіміз үшін барынша жайлы өтуі үшін бар күшімізді саламыз. Екі банктің бірігуі барысында АТФБанктің барлық бөлімшелері мен сервистері Jusan Bank-ке қызмет көрсетуге толық көшкенге дейін қалыпты режимде жұмысын жалғастыратын болады", - дейді Jusan Bank басқарма төрағасы Айбек Қайып.

Талқылау