Атбасар түрмесіндегі азаптау ісі: Абақтының 12 қызметкерін ақтау туралы үкімнің күші жойылды

Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер бойынша алқасы Атбасар түрмесінің 12 қызметкеріне қатысты шыққан ақтау үкімінің күшін жойды. Іс қайта қарауға жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері Атбасардағы түзету мекемесінде сотталғандарға заңсыз ықпал ету әдістерін қолданды деген күдікке ілініп, қылмыстық кодекстің "Азаптау" бабымен айыпталған еді.
2025 жылдың желтоқсанында мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты алқабилер алқасының қатысуымен барлық айыпталушыларды қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтап шыққан.
2026 жылдың 17 наурызыда істі апелляциялық қайта қарау кезінде облыстық сот бірнеше процестік бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, алқабилер құрамында бұрын сотталған адам болғаны анықталды. Сондай-ақ алқабилердің қатысуымен, соттың бірнеше ескертуіне қарамастан, қорғау тарапы зардап шеккендердің ар-намысына нұқсан келтіретін мәлімдемелер жасаған, бұл дәлелдерді бағалауға және алқабилердің пікіріне теріс әсер еткен.
“Алқабилердің қатысуымен талқылауға жатпайтын жәбірленушілерге қатысты мәліметтер жария етілген. Сонымен қатар, сот алқасы қорғаушының заңсыз әрекеттеріне байланысты ҚІЖМАС-тың жеке қаулысын өзгеріссіз қалдырды және іс бойынша мемлекеттік айыптаушылардың заң нормаларын бұзғаны жөнінде Бас прокурордың атына жеке қаулы шығарды”, – делінген сот хабарламасында.
Осыған байланысты абақты қызметкерлеріне қатысты ақтау үкімінің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
Айта кетейік, 2024 жылдың шілдесінде абақты қызметкерлеріне Атбасар қаласындағы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандарды азаптады деген айып тағылған еді.
2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың ақпанына дейін созылған сот процесінің соңында алқабилер соты 12 күдіктіне де ақтау туралы шешім шығарды. Алайда прокурор сот үкіміне шағым түсіріп, жоғарғы сот процессуалдық заңбұзушылықтарға байланысты үкімнің күшін жойған еді.
Жаңадан жасақталған алқабилер құрамы да айыпталушыларды кінәсіз деп таныды. Сот үкімімен абақтының барлық 12 қызметкері ақталды.
Еске салсақ, 2024 жылдың шілдесінде журналист Вадим Курамшин Facebook желісінде Атбасар қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде түсірілген азаптау видеосын жариялаған болатын. Видеода колония қызметкері тұтқынмен әңгімелесіп, оның дәретхана тазалаудан не үшін бас тартқанын анықтап сұраған. Сотталушы дәретханадан басқа барлық үй-жайды жууға дайынмын деп жауап берген. Содан кейін формадағы офицерлер тұтқынды құлатып, офицерлердің бірі оны ұрып-соғады.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған