Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атбасар колониясындағы азаптау ісі бойынша алқабилердің ақтау үкімі жойылды

Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұған дейін шыққан үкімді жойып, істі қайта қарауға жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Атбасар қаласындағы колонияның 12 қызметкері Қылмыстық кодекстің 146-бабы (Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар) бойынша сотқа тартылған еді. Сот процесі 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың ақпанына дейін созылды. Ашық әлеуметтік желілерде азаптау сәттері түсірілген бейнежазбалар болғанына қарамастан, алқабилер айыпталушыларды ақтап шықты.

Бұған дейін Ақмола облыстық прокуратурасы үкіммен келіспейтінін мәлімдеген еді. Енді сот та үкімнің заңсыз екенін мойындап отыр. Анықталған заң бұзушылықтар:

  • Алқабилердің қатысуына рұқсат етілмеген мәселелер олардың көзінше талқыланған;
  • Сот жарыссөзінде бірқатар жәбірленушінің сөз сөйлеуіне мүмкіндік берілмеген.

Іс сол сотқа, бірақ басқа судья құрамында қайта қарауға жіберілді.



Еске салайық, бұған дейін журналист Вадим Курамшин Facebook желісінде Атбасар қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде түсірілген азаптау видеосын жариялаған еді. Видеода колония қызметкері тұтқынмен әңгімелесіп, оның дәретхана тазалаудан не үшін бас тартқанын анықтап сұраған. Сотталушы дәретханадан басқа барлық үй-жайды жууға дайынмын деп жауап берген. Содан кейін формадағы офицерлер тұтқынды құлатып, офицерлердің бірі оны дубинкамен ұрып-соққан. 

Артынша ішкі істер министрлігі Атбасарда түрмедегі азаптау видеосына қатысты тергеу басталғанын хабарлады.

Талқылау