Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атамның аты бұрмаланып, "Калик" деп жазылып кеткен": Белгілі қаржыгер Мақсат Халық тегін қазақшаландыруда қандай қиындықтар болғанын айтты

Мақсат Халық аты-жөнін ауыстыру туралыФото: Мақсат Халықтың желідегі парақшасынан

Белгілі қаржы сарапшысы Мақсат Халық бұған дейін тегі "Каликов Максат" болып жүргенін және оны ауыстырып, қазақшаландыру кезінде қиындықтарға тап болғанын айтып берді. Ол "Халық" тегін алу үшін Тіл білімі институтына барып, ғалымдардан ғылыми түсіндірме де алған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы сарапшысы желідегі парақшасында жеке тәжірибесін бөлісіп, таяуда куәліктегі аты-жөнін толық қазақшалап алғанын жазды.

"-Ов пен -ев-ті алып тастау көптен ойымда жүрген дүние еді. Бірақ менің жағдайымда бұл үрдіс біршама күрделі болды. Себебі… Әкемнің құжаттарында бұрынғы орыстандыру саясатының салдарынан "Халық" деген атамның аты бұрмаланып, "Калик" деп жазылып кеткен. Соның кесірінен менің де барлық құжаттарымда "Каликов" болып кеткенмін. Алғашында Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда "-Ов пен -ев-ті оңай алып тастауға болады. Әріптерді де қазақшалауға болады, бірақ "Х" әрпін енгізе алмаймыз, "К" әрпін "Қ"-ға ауыстырамыз, сонда сіздің тегіңіз Қалық болады деп түсіндірді", – деп жазды Мақсат Халық.

Мақсат Халықты  бұл нұсқа қанағаттандырмаған екен. Оның айтуынша, атасының шын аты – Халық, ал "Қалық" деген мүлде басқа ұғым.

"Содан көп ізденіп, бірнеше ЦОН қызметкерлерімен сөйлестім, нақты әрі дұрыс кеңес ала алмай біраз жүрдім. Соңында Тіл білімі институтына барып, ғалымдардан ресми негіздеме жаздырып алдым. “Қазақ тілінде "Калик" есімі жоқ, бұл "Халық" деген сөздің бұрмаланған нұсқасы” деген анықтама берілді. Осы анықтаманың негізінде, әуелі, туу туралы куәлігімді өзгерттім. Кейін жеке куәлік, паспорт, неке куәлігі, қызымның туу туралы куәлігі барлық құжаттарды кезең-кезеңімен жаңарттым", – деді қаржы сарапшысы.

Қаржы сарапшысының сөзінше, паспортында АҚШ-тың 10 жылдық визасы бар болған. Оны не істеймін деп алаңдаған екен. 

"Бірақ ол да шешіледі екен. Жай ғана өтініш жазасыз, визасы бар ескі паспортыңызды мерзімі аяқталғанша өзіңізбен бірге ұстап жүре бересіз. “Дипломдарымды не істеймін?” деп алаңдасаңыз уайымдамаңыз. Халыққа қызмет көрсету орталығынан (ЦОН) "пәленше мырзаның аты-жөні пәленше болып өзгертілгені расталады" деген ресми анықтама аласыз. Соның өзі жеткілікті. Егер аты-жөніңізді қазақша жазып, нағыз ұлттық болмысыңызға сай болғыңыз келсе, еш қорықпаңыз. Бастысы, ниет пен табандылық. Бұл бір күндік шаруа емес. Бірақ әрқайсымыз осылай әрекет етсек, елімізде ұлттық сана мен тілге деген құрмет артады. Өз елімізде қазақша аты-жөнімізбен жүрейік!" – деп түсіндірді экономист Мақсат Халық.

Енді қазақстандықтардың паспортында қар барысының бейнесі таңба ретінде қолданылады


Қазақстан азаматтығын алу кезінде қазақ тілін білуге қойылатын талап жеңілдетілмек


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда енді жеке куәлік пен төлқұжатты онлайн ауыстыруға болатынын жазған едік. Мәліметтерге сенсек, жобаны ішкі істер министрлігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеп жатыр. Кейбір деректерде құжаттарды тіпті мобильді қосымша арқылы рәсімдеуге болатыны айтылған. Жобаны іске асыру бір жылға созылуы мүмкін. Алдын ала жоспар бойынша, ол 2026 жылдың 31 наурызында іске қосылады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 10:59
Талқылау