Атамбаев: Ұры министр болғанша еден жуушы болған дұрыс
Бүгін қырғыз президентінің Ала-Арша резиденциясында алтын сертификаттарды табыстау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев орта мектепті үздік бітірген түлектерге алтын сертификаттармен бірге президенттік стипендияларды да үлестірді.
Бұл туралы Skifnews сайты жазды.
«Мен сіздерге толқумен және үлкен мақтанышпен келіп отырмын. Сіздердің нұрға толы көздеріңізді көрген кезде біздің еліміздің жарқын болашағы бар екеніне сеніммен қараймын. Елде жаңа толқын өсіп келеді, еркін ойлайтын, біздің елімізді әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің тізіміне енгізетін жастар өсіп келеді. Мен үшін сіздерге алтын сертификаттарды табыстау мәртебе, өйткені, сіздер өте ауыр жолдан өттіңіздер. Бірақ, сіздердің еңбектеріңіз еш кетпейді. Білім алуға жұмсаған әрбір уақыт, күш 10 есе, 100 есе болып кері қайтады. Менің өзім мектепті үздік бітіріп шықтым. Алайда, университетте жақсы білім алуыма уақытым болмады, қосымша жұмыс істеп ақша табуыма тура келді», – дейді қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев.
Салтанатты жиын барысында мемлекет басшысы оқушыларды еңбек етуден қашпауға шақырды.
«Кейбір министрлер “Міне, біреулер еден жуып жүр” деп айтатын көрінеді. Ал, мен еңбектен қашпауға шақырамын, менің өзім аула сыпырушы, от жағушы, жүк тасушы болып жұмыс істегенмін. Ешқандай жұмыстың ұяттығы жоқ. Ұры министр болғанша еден сыпырып, аула тазалаған әлдеқайда сауапты іс. Ешбір жұмыстан ұялмаңыздар», – деп атап өтті А.Атамбаев.
Естеріңізге салайық, биыл халық алдында есеп берген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ресейде еден жуып жүрген қырғыз қыздарын көріп, жанашырлықпен қарағанын айтқан болатын.