Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мобилографты комиссия мүшесі ететіндей Ата заң ойыншық емес қой": Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі болған Балтабаев тағы да көпке жақпай қалды

Фото: Instagram скрин

21 қаңтар күні Тоқаев Конституциялық реформа жөнінде комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамына шамамен жүз адам енді. Олардың қатарында журналистер, университет ректоры, депутаттар мен өңір әкімдері бар. Осыған байланысты тізімге енген тұлғалардың Конституцияға енгізілетін өзгерістерді әзірлеуге қаншалықты құзыреті бар деген сұрақ туындайды. Осы мәселе төңірегінде Stan.kz тілшісі саясаттанушылардың пікірін білді.

Қазақстандықтар не дейді?

Комиссия құрамына кірген кей адамдар қазақстандықтардың сынына ұшырады. Дауға іліккендердің бірі President бағдарламасының журналисі Әділ Балтабаев. Бұл шешім қазақстандықтардың түсінбеушілігін тудырды. Көпшілік оның бұл тізімге қалай енгенін және қандай пайдасы тиюі мүмкін екенін сұрап отыр.

Желі қолданушыларының айтуынша, комиссия құрамында журналист емес, заңгерлер, ғалымдар және халыққа жақын тұлғалар болуға тиіс.

“Негізі бұл комиссияның ішіне заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қоғам ішіндеге мәселеге араласып жүрген адамдар кіруі керек еді. Қаншама саясаттанушы, құықтанушылар бар. Бірақ басқа адам жоқтай мобилограф, журналисті қосып қойыпты. Бұл қаншалықты дұрыс”.

“Мемлекеттік және жергілікті басқару”, “Құқықтану”, “Саясаттану”, “Экономика” немесе “Халықаралық қатынастар" мамандықтарында оқып, бакалавр мен магистратураны тәмамдап, арнайы курстардан өтіп, осы саладағы барлық норма мен ережені меңгеру үшін тәжірибеден өткен нағыз мамандар бар. Енді мұнда сол мамандардың орнына комиссияға мүлде басқа адамдарды алып отыр. Ал енді Конституцияның күйін елестетіп көріңіз”. 

“Әрине, әрқайсымыз өзімізше жан-жақты тұлғамыз. Бірақ елдің негізгі заңы – Конституцияны реформалау жастар ісі жөніндегі комитет деңгейіндегі шара емес. Мұндай тізімде құқық саласында көпжылдық тәжірибесі бар, үздік сарапшылар кіруі керек еді”.

“Бұл комиссияға сыни ойлай алатын, үкіметтен барынша алшақ, тәуелсіз көзқарастағы адамдарды енгізу керек еді. Ал шектен тыс адал, бәрін ақтауға дайын идеалистерді емес”. 

“Конституцияны білікті сарапшылар, ғылыми институттардың өкілдері, мүмкіндігінше ғылыми дәрежесі бар мамандар жазуға тиіс. Себебі конституция медиажоспар емес, елдің ең басты құжаты”.  

“Конституцияны жүз өзгертсін, мобилограф, кеңесшілерін ауыстырсын, бәрібір елде ештеңе өзгермейді. 35 жылда ештеңе нәтиже бермеді. Бос сөз, бітпейтін жиын. Ертең ұрпағы Африкадай елде тұрсын десе осылай жасай берсін. Біздің шенеуніктерге осындай дамымай қалған елде өз ұрпағы тұрғаны ұнайды”.

“Бәрібір соңғы шешімді президент қабылдайды”

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Конституциялық комиссия құру тек заңмен айналысатын мамандарды жинаумен шектелмейді. Бұл жерде саяси міндет те бар дейді маман.

“Жоспарланып отырған түзетулердің саны мен ауқымын ескерсек, Конституцияның едәуір бөлігіне өзгеріс енгізілетіні анық. Президенттің өзі айтқандай, бұл үдеріс ауқымы жағынан жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар. Сондықтан мұндай жағдайда Конституциялық комиссия құру тек конституциялық заңнамамен айналысатын мамандарды жинаумен шектелмейді. Мұнда тек функциялық емес, саяси міндет те бар. Сондықтан комиссия кеңейтілген ұлттық элитаның нақты бір “қоғамдық бейнесін” көрсетуге тиіс. Кеңейтілген ұлттық элита дегеніміз халықтың шамамен 1-1,5 пайызы. Ал 20–100 мың адамды комиссия құрамына кіргізу мүмкін емес. Алайда тек заң саласына маманданған 20–25 адамнан тұратын топ өкілдік деңгейін айтарлықтай төмендетер еді”, – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушының сөзінше, комиссия құрамында ғалымдар, журналистер, саясаттанушылар да бар. Олар қоғаммен тығыз байланыста болып, мәселені жеткізетін негізгі дәнекер саналады дейді саясаттанушы.

“Мұндай ауқымды түзетулерді әзірлеу үшін моральдық легитимділік қажет. Демек, негізгі заңның жаңа нұсқасын қалыптастыру жауапкершілігін өз мойнына алатын қоғамның белгілі бір бейнесі болуы керек. Өмір бойы конституциялық заңнама саласында жұмыс істеп келе жатқан кәсіби заңгерлерге қоғамға басқа қырынан қарайтын адамдармен бір комиссияда жұмыс істеу артық етпейді. Бұл тар кәсіби көзқарастардың Конституциялық заң шығару үдерісіне шамадан тыс ықпал ету қаупін азайтады. Меніңше, комиссия құрамының әркелкі болуы да осы саяси әрі моральдық легитимация мақсаттарымен түсіндіріледі. Сондықтан комиссия құрамында ғалымдар, журналистер, саясаттанушылар бар. Олар өз кезегінде қоғамның кең топтарымен тығыз байланыста болып, сол ортадан келетін сигналдарды сезіп, жеткізіп отыратын дәнекер топ саналады”, – дейді Ғазиз Әбішев.

Саясаттанушының пікірінше, биліктің бастамасымен жүзеге асырылатын істе мемлекеттік қызметкердің болмауы оғаш көрінеді.

“Егер Конституцияға енгізілетін түзетулер биліктің бастамасымен жүзеге асырылса, құрамында мемлекеттік қызметкерлерсіз комиссия құру оғаш көрінер еді. Өйткені мемлекет басқару жауапкершілігін арқаламайтын жеке адамдар немесе кәсіпкерлер негізгі заңның жаңа нұсқасын жазуы дұрыс болмас еді”, – дейді саясттанушы.

Сондай-ақ саясаттанушы конституциялық сот өкілі мен мемлекеттік кеңесшінің комиссия құрамына кіру себебін түсіндірді.

“Конституциялық сот өкілінің комиссияға қатысуы да орынды Себебі оның мүшелерінің сегіз жылдық мандаты бар. Олар Конституцияны түсіндірумен және конституциялық тәртіпті қалпына келтірумен айналысады. Демек оларды Конституцияны трансформациялаудағы кәсіби "хирургтер" деп атауға болады. Мемлекеттік кеңесші – түзетулерді бастамашы еткен президенттің тікелей өкілі, әрі бұл сала оның тікелей қызметтік міндетіне кіреді. Ал вице-премьер әлеуметтік блокқа жауапты”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының пікірінше Конституциялық комиссияны саяси билік өкілдерінсіз қалдыру қисынсыз. 

“Егер билік бұл үдерісті өз бетінше, жабық түрде өткізгісі келсе, дайын жобаны ішінара әзірлеп, оны парламент арқылы өткізе салуға болар еді. Алайда мұндай ауқымды Конституциялық комиссияның құрылуы және қызу пікірталастардың жүруі жағдайдың мүлде басқаша екенін көрсетеді. Бұл жерде билік халықпен шын мәнінде кеңесіп отыр. Белсенді түрде пікір алмасып, комиссия құрамына енген әртүрлі топтар ұсынған негізгі ұсыныстарды назарға алып отыр. Сондықтан Конституциялық комиссияны саяси билік өкілдерінсіз қалдыру қисынсыз болар еді”, – дейді саясаттанушы. 

Сондай-ақ саясаттанушы президенттің комиссия отырыстарына қатыспауы мүмкін екенін, бірақ бәрібір соңғы шешімді сол қабылдайтынын жеткізді. 

“Мұндай жобамен білікті мамандар айналысуы керек”

Саяси ғылымдар докторы Есенжол Алияровтың пікірінше, 120 адам бір мәтінді дайындап, ұсынуы дұрыс емес тәсіл. 

“Комиссия құрамына қатысты тізімді биліктің өзі алдын ала дайындаған. Конституцияға өзгеріс енгізу процесі мүлде басқаша өтуі керек деп есептеймін. Оған енгізілетін өзгерістер парламентте қабылдануы тиіс. Тізімге Қазақстанда бар қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдері енгізілуі қажет. Референдумға дейін ұзақ әрі ашық пікірталастар болуы керек. Ол парламент комитеттерінде қайта-қайта талқыланып, қоғамның қатысуымен егжей-тегжейлі қаралуы тиіс. Ал 120 адам бір мәтінді дайындап, оны ұсынады деу дұрыс емес тәсіл. Өйткені референдум кезінде мәтінге бірдеңе қосу, алып тастау немесе ресми ұсыныс енгізу іс жүзінде мүмкін емес”, – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушының пікірінше, конституциялық реформаға бұл саламен кәсіби түрде айналыспаған адамдардың тартылуы ұят нәрсе. 

“Комиссия құрамында тарихшылар, журналистер, философтар, заңгерлер мен филологтар бар. Меніңше, конституциялық реформаға бұл саламен кәсіби әрі тұрақты түрде айналыспаған адамдардың тартылуы ұят нәрсе. Конституция ел өміріндегі ең маңызды құжат болғандықтан, оған енетін мәтін кәсіби деңгейде дайындалуы тиіс. Бұл комиссия дайындайтын құжат өзгертілген Конституцияның нақты жобасы болуы қажет. Мұндай жобамен тек осы іске жауапты, жоғары білікті мамандар айналысуы керек. Бірнеше күндік жиналыстармен, үстірт әрі асығыс қабылданған шешімдер елдің негізгі заңына лайық емес. Конституцияны қабылдау немесе оған өзгеріс енгізу Парламенттің құзырында қалуы тиіс. Ал қоғамда қолдау мен қарсылық қатар келген жағдайда, соңғы шешімді халық референдум арқылы қабылдауы тиіс”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының айтуынша, бұл комиссияны құрудың өзі бастапқыда демократиялық қағидаларға сай келмеді. 

“Өйткені оны бекіткен Құрылтай да халық тарапынан сайланған жоқ. Тіпті мемлекеттік кеңесші лауазымын вице-президент қызметімен алмастыруды ұсынып отыр. Сонда вице-президент пен мемлекеттік кеңесшінің айырмашылығы неде? Екеуі де сайланбайтын тұлғалар ғой. Өкінішке қарай, бұл реформа мемлекеттің құрылымын түбегейлі өзгертпейді. Тек сыртқы өзгерістерді ғана көздейді”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушы елде әділ сайлау болмайынша, басқару жүйесі жақсармайды дейді. 

“Конституцияда жоғарғы биліктің иесі халық екені нақты жазылған. Сондықтан барлық өзгеріс осы қағидадан басталуы тиіс. Әділ әрі шынайы сайлаулар болмайынша, мемлекеттік басқару жүйесі жақсарып кетеді деу қиын. Билік тармақтары бір-бірінен нақты бөлініп, біріне-бірі тәуелді болмауы қажет. Бұл басқару теориясының негізгі талабы. Елдегі барлық маңызды өзгерістер парламентте, халық сайлаған өкілдердің қатысуымен ашық талқылануы керек. Ал бір топ адам дайын мәтінді ұсынып, оны сол күйі қабылдай салу дұрыс жол емес”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының айтуынша, Конституция ел тағдырын айқындайтын басты заң. Сондықтан оны әзірлеу мен өзгерту парламенттің құзырында қалуы тиіс.

“Бұл көзбояушылық қана”

Ал Саясаттанушы Асылбек Бисенбаевтың айтуынша, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның ешқандай маңызы жоқ. Себебі бәрі алдын ала шешіліп қойған дейді саясаттанушы. 

“Мұның барлығының ешқандай да маңызы жоқ. “Конституциялық реформа” деп аталып жүргеннің де, тізімнің де, олардың істеп жатқан жұмысының да маңызы жоқ. Себебі бәрі алдын ала шешіліп қойған. Ол жақтан жақсы нәтиже күтудің қажеті жоқ. Назарбаевтың тұсында да Конституцияға өзгерістер енгізілді, Тоқаевтың кезінде де солай болып жатыр. Тіпті Конституцияны өзгерту мәселесі бойынша да референдум өткізілді. Бірақ іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ. Ақырында бәрі Қаңтарға, атыстарға, қантөгіске алып келді”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының айтуынша, олардың негізгі мақсаты – билікті, жүйені сақтап қалу. 

“Мұны бейнелеп айтқанда, тек витринаны ауыстыру. Бір палаталы не екі палаталы парламент бола ма, айырмасы жоқ. Егер шынайы, әділ, адал сайлау болмаса, партия құруға мүмкіндік берілмесе, өз пікірін ашық айтқандар қудаланатын болса, не пайда? Сондықтан бұл қарқынды жұмыс жүріп жатқандай көрінетін көзбояушылық қана. Ал шын мәнінде, олар ескі қоршауды қайта бояп жатыр. Демек, түбегейлі ештеңе өзгермейді”, – дейді саясаттанушы. 

Айта кетейік, бұған дейін  Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Тоқаев жаңа бір палаталы парламент құру, 145 депутаттан тұратын жаңа парламентті “Құрылтай” деп атауды ұсынған еді. Сондай-ақ президент елдегі мелмекеттік кеңесші лауазымын жойын, жаңа вице-президент лауазымын енгізуді ұсынды. 

Кейін Мемлекет басшысы Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. Ал 28 қаңтар күні Қазақстан Конституциясы толықтай қайта жазылып, 84% өзгеріс енгізілетіні айтылды. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 16:42