Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астананың орталығында дәрет сындырған қытайлықтарға Қазақстанға кіруге тыйым салынды

Фото: tonkosti.ru

дәрет сындырған қытай азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салынды
Астанада қоғамдық орында дәрет сындырған Қытайдың екі азаматына Қазақстанға бес жылға кіруге тыйым салынды. Олардың әрекеті әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде Астанадағы Достық көшесінде орналасқан "Нұрсая-2" тұрғын үй кешенінің ауласында күндіз ер адамның кіші дәретін сындырғаны түсірілген видео тарады. Кадрдағы адамның сырт келбеті қытай азаматына ұқсайтыны айтылып, желі қолданушылары оның өзге елде қоғамдық тәртіпті құрметтемегеніне наразылық білдірді. Осыдан кейін полиция тексеріс бастады.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылар шынымен де Қытайдың 35 және 49 жастағы азаматтары болып шыққан. Алайда полиция олардың жеке басын анықтаған кезде, олар Қазақстан аумағынан шығып кеткен.

"Кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігіне де тиісті шаралар қабылдау үшін хабар берілді", – деп мәлімдеді ведомство.

Полицияның айтуынша, видеода әдепсіз әрекет жасап тұрған бір ғана ер адам көрінеді. Дегенмен оның жанындағы екінші азамат та дәл осындай әрекет жасағаны анықталғандықтан, екі азаматқа да елге кіруге тыйым салынды.



Еске салайық, бұған дейін енді көшеде түкіретіндер мен қоқыс тастайтындарға Алматы полицейлерінің дрондары ескерту жасайтынын жазған едік. Алматыда қоғамдық тәртіпті бақылау үшін полиция дрондары қолданыла бастады. Жарық-сигнал және дауыс зорайтқышпен жабдықталған құрылғылар құқықбұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, тұрғындарға нақты уақыт режимінде ескерту жасайды. Жоба құқықбұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық орындардағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 15:04