Астаналықтар көлік кептелісін болдырмау үшін жұмысқа бір жарым сағатқа ерте бармақ
Астанада кептелісті азайту үшін жұмыс уақытын өзгерткен әкімдіктің бастамасы қызу талқыланып жатыр. Уақыттың кезең-кезеңге бөлінгеніне бірі қарсылық білдірсе, кейбірі қолдайды, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Мамандар да мұндай кесте кептеліс мәселесін толық шешпейді деген сенімде. Ал әзірге студенттер мен шенеуніктердің уақыты нақты бекітілсе, 1-ші маусымға дейін кәсіпкерлер, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен коммуналшылардың жұмысқа баратын мерзімі бекітілуі тиіс.
Көлік кептелісімен күресіп жатқан әкімдіктің бастамасына қатысты астаналықтардың пікірі қақ жарылды. Мәселен, машинаны азайту үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын кешірек бастау ұсынылған. Яғни қазіргідей 9-да емес, 10 немесе 11- де. Бірақ, бұған қарсылық танытушылар табылды.
“Ол уақытша шара. Көнуге болады түсінеміз. Бірақ, ХҚК орталықтарының жұмысын 10-11-ден бастау бұл түсініксіз жайт”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Талап Жұбанғанов.
Есесіне, шенеуніктер жаңа кестеге дән риза. Яғни, әкімдіктер, министрліктер мен өзге де мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жұмысы әдеттегідей 9-да емес, жарты сағатқа ерте басталады. Министрлер кептелісті азайту үшін жарты сағат ұйқыны қиюға дайынбыз деп алқынып отыр.
“Мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс 8 жарымда басталмақ екен. Бұл нағыз көлік тығыны болатын уақыт. Мен қарсы емеспін. Оның үстіне алда ЭКСПО келе жатыр”, – дейді ҚР Инвеститция және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Шенеуніктермен қоса коммуналдық мекемелердің жұмыс күні де, бір жарым сағатқа ерте басталуы мүмкін. Ал, студенттер сабаққа ұйқысын қандырып сағат 10-нан бастап барады. Аурухана, балабақша мен мектептерде өзгеріс болмайды. Яғни таңғы сегізде. Бірақ, мұндай кесте мәселені түбегейлі шешеріне сарапшылар күмәнмен қарап отыр.
“Жұмысқа кезең-кезеңмен бару алғашқыда көлік кептелісін азайтатын шығар. Бірақ, бұл уақытша нәрсе. Одан да қаланың бас жоспарын өзгертуіміз керек. Өйткені, ол кеңестік кезеңдегі үлгі бойынша әзірленген. Яғни, көшелерді кеңейтіп, жолайрықтарды көбірек салу ымыз қажет”, – дейді архитектор Ермек Бекболатов.
Кептелісті шешудің әлемде сан түрі бар. Мәселен, Қытайда жұп пен тақ күндері көліктер жолға алма-кезек шығады. Жапония болса, қозғалысты бірнеше сатылы жолайрықтар салу арқылы реттеп отыр. Ол он қабатты үйдің биіктігімен бірдей. Германия билігі жүргізушілерді трамваймен тегін тасып, көліктерінен түсірген. Сөйтіп кептеліс қана емес,экология мәселесін шешті.
Енді миллион тұрғыны бар Елордада көлік тығынын болдырмау үшін дамыған елдердің тәжірибесі де жіті зерделеніп жатыр. Ал, «Экспоға» қарсы өзгерген жұмыс кестесіне астаналықтар келесі айдан бастап көшеді. Айта кетерлігі мұндай тәртіп көрмеден кейін де сақталмақ. Ал, кейін осы көшенің бойында үш жолайрық салу көзделіп отыр.
Жіберіп алмаңыз:
Теңгенің тағы да құны түсіп жатыр
Шымкентте жоғалып кеткен 15 жастағы қызды жас жұбайлар пәтерде күшпен ұстаған
Санаулы күндері қалған жалғызбасты ана 4 баласы үшін уайымдап жүр
Күйеуі жұмыстан 5 минутқа кешіккені үшін сабаған әйел көрген қорлығы туралы айтты