Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналықтар дәріханаларда вирусқа қарсы препараттардың тапшылығына шағымданып жатыр

Фото: pixabay.com

Астана тұрғындары әлеуметтік желіде дәріханаларда негізгі вирусқа қарсы препараттардың жоқтығына жаппай шағым түсіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала тұрғындарының айтуынша, "Флувир" және "Осельтамивир" сияқты сұранысы жоғары дәрілерді еркін сатылымнан табу іс жүзінде мүмкін емес. Дәрілер бар деген аз ғана дәріханаларда олар айтарлықтай қымбат бағамен ұсынылып жатыр дейді пайдаланушылар.

Пайдаланушылардың сөзінше, бұрын 3 мың теңге шамасында сатылған вирусқа қарсы дәрілер қазір 6 мың теңгеге жуықтаған. Кейбіреулер дәрінің бағасы үш есеге дейін көтерілген мысалдарды келтіреді.

Астаналықтар қажетті препараттардың бар-жоғын І-teka сервисі арқылы бақылап отырғандарын айтады, алайда онда да көбіне "жоқ" деп көрсетіледі. Кейбір дәріханаларда бұл препараттар тек рецептпен ғана беріледі.

Басылым елордадағы бірнеше дәріхана желісіне хабарласты. Бәрінде де дәрілер "жолда" екені және жақын арада жеткізілім күтілетіні айтылды. Алайда нақты қашан сатылымға шығатынын фармацевтер айта алмады.

Оқырмандардың сөзінше, олар қажетті вирусқа қарсы дәрілерді Қарағанды мен Петропавлдан жеткізіп алады. Алайда ол жақтан да бұл дәрілерге сұраныстың артқаны туралы хабарлар келіп жатыр. Бұл тапшылық жоғары температурамен өтетін ауру жағдайларының көбеюімен тұспа-тұс келіп отыр.

Фото: Әлеуметтік желіден


"Ауруханалар толып қалған": Қазақстандықтар "белгісіз" вирустың таралуына жаппай шағымданып жатыр


"40°C температурамен үш сағат кезекте тұрдық": Баласы ауырған астаналық әке инфекциялық стационардағы оқиғасын бөлісті


Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтар арасында ЖРВИ-дің жиі таралуы жаңа вирусқа байланысты емес екенін мәлімдеді. Вице-министр Тимур Мұратовтың айтуынша, күз тұмау өршитін маусым, сондықтан қазіргі жағдай қалыпты. Санитарлық эпидемиялық бақылау комитеті де айналымдағы вирустар бұрыннан белгілі штаммдар екенін, "гонконгтық вирус" та жаңалық емес екенін атап өтті. Эпидемиялық маусым қыркүйектен сәуірге дейін жалғасады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 17 Қараша, 2025 09:45
Талқылау