Астаналық екі тұрғын криптовалютаны 7 миллиард теңгеге заңсыз айырбастаған

Қазақстандықтар екі жыл бойы криптовалютаны 7 миллиард теңгеге заңсыз айырбастап келген. Алайда олар сот шешімімен келіспей, Кассациялық сотқа жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі астаналық екі жыл бойы Астананың танымал бизнес-орталықта офлайн заңсыз криптовалюта айырбастаған. Клиенттерді хабарландыру сайттары арқылы тауып, мәмілелерді тікелей кеңседе қолма-қол ақша мен арнайы ақша санау құралдарын пайдалана отырып жүргізген.
Сот мәліметтері бойынша, күдіктілер криптовалютаны жүйелі түрде алып-сатып жүріп 7 миллиард теңге тапқан.
Тергеу барысында күдіктілерге заңда рұқсат етілмеген цифрлық активтермен операция жасауға лицензия берілмегені анықталды. Қазақстан заңнамасы бойынша мұндай қызмет тек “Астана” халықаралық қаржы орталығы аумағында ғана рұқсат етілген және арнайы рұқсат алынған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.
АХҚО аумағынан тыс жерде мұндай криптовалюта айналымы заңсыз кәсіпкерлік ретінде қарастырылады.
Кассациялық инстанция тараптардың дәлелдерін мұқият зерттеп, мынадай қорытындыға келді:
-
Сотталғандардың лицензиясы болмаған;
-
Олардың әрекеттері бір реттік немесе консультациялық сипатта емес, жүйелі кәсіпкерлік қызметке тән болған;
-
Қолданылған схема қаржылық бақылаудан өтпей, қаражатты елден шығару қаупі болған.
“Кассациялық инстанция Қазақстанда цифрлық активтер айналымына рұқсат берілетінін, бірақ тек лицензиясы болған жағдайда және АХҚО аумағында ғана жүзеге асырылуы керегін айтты. Осы ережелерді айналып өтіп, көлеңкелі криптобизнес құру әрекеті заңсыз кәсіпкерлік деп танылды. Нәтижесінде бірінші инстанция мен апелляциялық соттың сотталғандарды бостандықтан айыру және қылмыстық табысын тәркілеу туралы үкімдері күшінде қалды (іс №6003-25-00-1к/1172)”, – делінген хабарламада.