Астаналық алаяқ Tinder-де "Нұрай" боп танысып, жігіттен 4 миллион теңге алдап алған

Фото: ЖИ
Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы тұрғынға үкім шықты. Ол танысуға арналған Tinder қосымшасына "Нұрай" деген атпен тіркеліп, өзінің Telegram-аккаунтына сілтеме қалдырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алаяқ Telegram-да бейтаныс қыздың фотосын қойып, жалған парақша ашқан. Содан кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған.
Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 миллион теңгеден астам қаржысын аударған.
“Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды. Қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріле отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді”, – делінген хабарламада.
Мамандар виртуалды "таныстардың" арбауына түспеуге және сақ болуға шақырды.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)