Астана маңындағы ауылда жолбарысты атып кеткен: Ақмола облысының полициясы жағдайға қатысты пікір білдірді
Әлеуметтік желілерде Астана маңындағы Қабанбай батыр ауылында жолбарысты атып кеткені туралы ақпарат тарады. Ақмола облысының полициясы бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: reporter.khv Іnstagram парақшасынан
Видеода жыртқыштың қораға кіріп, иттер мен бұзауды тістегені айтылған. Сонымен қатар оның кейін инспекторға шабуыл жасағаны туралы да ақпарат тарады.
"Жолбарыс сарайға кіріп, алдымен екі итті тістеген. Содан кейін сарайдағы бұзауға шабуыл жасаған. Ол шатырға шыққанында. инспектор келген. Жолбарыс оның қолын тістеп алған. Сол себептен жолбарысты атуға тура келді", - делінген видеода.
Алайда Ақмола облысының полициясы бұл ақпаратты жоққа шығарып, өңірде мұндай жағдай тіркелмегенін алға тартты.
Шын мәнінде, қатты реакция тудырған видео Ресейдің Хабаровск өлкесінде 2024 жылдың желтоқсан айының соңында түсірілген. Онда жолбарыс жылыну үшін шөп үйіндісінің арасына келген. Алайда онда жыртқыштың қасына тым жақын жерде инспекторлар болған. Салдарынан жолбарыс адамдарға шабуыл жасайды. Зардап шеккен инспектордың серіктесі әріптесін қорғау үшін жолбарысты атуға мәжбүр болған.
Желі қолданушылары видеоны көрген соң өлексені Қазақстанға Нидерландыдан әкелінген жолбарыстардың бірі екен деп ойлады. Алайда, бұл жыртқыштар Ақмола облысынан жүздеген шақырым жерде орналасқан Іле-Балқаш резерватының қоршалған аумағында тұрады.
Ақмола облысының полициясы жалған ақпарат таратуға жол бермеу туралы еске салды. Бұл үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
"Әлеуметтік желілерде Целиноград ауданында жолбарысты ұстау және ату туралы ақпарат таратылуда. Ақмола облысының полиция департаменті бұл факт тіркелмегенін, таратылатын ақпараттың жалған екенін хабарлайды. Естеріңізге сала кетейік, жалған мәліметтерді таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", – деп хабарлады полиция.