Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадан ұшып кете алмаған жолаушыларға билет құнының 100 пайызы қайтарылады: Ол үшін не істеу керек

Астана әуежайында ішкі және халықаралық рейстер қалпына келтірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pdmnews

Астана халықаралық әуежайының онлайн таблосындағы ақпаратқа сәйкес, 31 желтоқсан күні таңертең Алматы, Атырау, Түркістан, Өскемен, Тараз, Шымкент, Ақтөбеден ұшатын ұшақтар Астанаға қонды.

Сондай-ақ Астанадан жолаушылар Шымкент, Өскемен, Дубай, Алматы, Орал, Павлодар, Қостанай қалаларына ұшты.

Астанадан ұшып кете алмаған жолаушыларға билет құнының 100 пайызы қайтарылады. Әлеуметтік желілерде рейстердің тоқтатылуына және кешіктірілуіне байланысты өз жоспарларын өзгерткен жолаушылар билеттерінің құнын қайтару барысында әділетсіздіктің орын алғаны туралы қате ақпар жарияланып жатыр. Билет құнын толық қайтару үшін клиенттер әуе компаниясына тікелей телефон соғып немесе кеңсеге бару арқылы хабарласа алады

“Аталған мәселе бірден әрі толығымен жолаушылар үшін оңтайлы шешілген. Қазақстанның көлік министрлігі авиакомпанияларға ауа-райына байланысты Астанадан ұшып кете алмаған жолаушыларға билеттер құнын 100% қайтаруды тапсырды. Билетті арнайы қосымшалар арқылы қайтару кезінде белгілі бір сома ұсталып қалады деп шығуы мүмкін. Өйткені әуе компаниялардың билет сатуға арналған жүйелерінің техникалық баптаулары автоматты түрде солай есептейді. Сондықтан билеттің толық құнын қайтару үшін жолаушылар авиакомпанияларға тікелей жүгінуі керек. Мұны екі әдіспен жүзеге асыруға болады: телефондарына хабарласып немесе Астана әуежайы ғимаратында орналасқан әуе тасымалдаушылардың кеңселеріне барып, билеттің толық құнын қайтарып алуға болады", - делінген көлік министрлігінің хабарламасында. 

Көлік министрлігінің өкілі, билетті қайтару кезінде белгілі бір сома ұсталып қалуы мүмкін екенін ескере отырып, билеттің толық құнын қайтару үшін жолаушылар арнайы қосымшалар не сайт арқылы емес, авиакомпанияларға тікелей жүгінуі керек екенін ескертті.

Айта кетейік, кешеден бері Көлік министрлігінің өкілдері Астана әуежайында жүр. Министр өз рейстерін күтіп отырған жолаушылармен сөйлесіп, ауа-райының қолайсыздығынан авиакөлікке қатысты қалыптасқан жағдайды реттеу үшін жедел штаб құру бойынша тапсырма берген болатын.

Кеше әуе компанияларымен кеңес өткізіліп, жолаушыларды жөнелтуге және ұшу кестесін оңтайландыруға қатысты бірқатар шешім қабылданды. Нәтижесінде жағдай оңтайлы шешіліп, әуежай түннен бастап келген ұшақтарды қабылдап, қазіргі таңда қалыпты режимде ұшуды қамтамасыз етуде.

Айта кетейік, 30 желтоқсан күні Астана ауа райының қолайсыздығына байланысты 27 рейс кейінге шегерілген еді. 

"Сағат 09:30-дан 12:00-ге дейін Астана халықаралық әуежайының аэродромы ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақтарды қабылдамайды. Перронның жағдайы 400 метрден аз көрінеді. Екпіні 17-ге дейін жететін екпінді жел, болжам бойынша секундына 20-23 метрге дейін жетеді. Бұл ұшақты көктайғаққа қарсы сұйықтықпен өңдеуге кедергі болып табылады", - делінген хабарламада.

Әуе компаниялары да ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстерін кейінге қалдыруға шешім қабылдаған болатын.

30 желтоқсан күні сағат 15:00-ден 00:00-ге дейін 29 рейс орындалады деп жоспарланған болатын. Алайда елордадағы ауа райына байланысты 21 рейс тоқтатылып, сегіз рейс кейінге шегерілді. Соған байланысты Астана халықаралық әуежайында 2500-ден астам жолаушы рейсін күткен еді. 

Соған байланысты көлік министрі Марат Қарабаев жедел штаб құрып, әуежайға келіп, жолаушылармен кездескен еді. 

Ұшуын күткен жолаушыларға Terminals Astana Airport Management басшылығы екі мыңнан астам ыстық тамақ пен сусындар таратты. Жолаушылар арасында ересектерден бөлек балалар да бар. Мерекелік көңіл-күйді қалыптастыру үшін Аяз ата мен Ақшақар олармен ойын ойнап, жаңа жылдық сыйлықтар таратты. Сонымен қатар елордалық әртістер жолаушыларға өнер көрсетті.

Елордадағы ауа райы әлі де ұшып-қонуға қолайсыз. Соның салдарынан әуе компаниялары рейстерді кейінге шегеруге шешім қабылдады. Ал бүгін ауа райының қолайсыздығына байланысты тағы да 10 рейс тоқтатылды. 

Әуежай басшылығы ұшу-қону жолағындағы күрделі метеорологиялық жағдайды атап өтті. Соған сәйкес мына бағыттағы рейстерді тоқтатылған:

  • LH 646 Астана-Франкфурт;
  • KC 7319 Астана-Қызылорда;
  • KC 956 Астана-Алматы;
  • KC 992 Астана-Алматы;
  • TK 355 Астана-Стамбул;
  • IQ 407 Астана-Шымкент;
  • KC 345 Астана-Өскемен;
  • 5W 788 Астана-Абу-Даби;
  • KC 762 Астана-Алматы.

31 желтоқсанда Астана халықаралық әуежайында барлығы 112 рейс жоспарланған.

Астана әкімдігі қарлы боранға байланысты елордада қар тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Демалыс күндері қалың қар түріндегі жауын-шашын жауды. "Қазгидромет" РМК мәліметінше, 31 желтоқсанда елордада қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 20 метрге, кейде секундына 28 метрге дейін жетеді.

"Азаматтардың ыңғайлы жүріп-тұруы үшін коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. 18:00-ден бастап Астана көшелеріне 1000-нан астам арнайы техника мен 300-ге жуық жол қызметкері түнгі ауысымға шықты", - делінген хабарламада. 

Талқылау