Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы өртте үш бала қаза тапқан үйдің ауласы жабық болып, көліктерге толып тұрған – ТЖМ

Фото: ТЖМ видеосынан скрин

Астанада көпқабатты тұрғын үйде болған өрттен үш бала көз жұмды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт кезінде аулаға кіреберіс жабық болып, көліктермен толып тұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде түнгі өртке қатысты мән-жай айтылды. Құтқарушылардың хабарлауынша, тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберіс темір қақпамен жабылған, ал аула автокөліктерге толы болған.

Төтенше жағдайлар департаментіні басшысының орынбасары Өміржан Түкүшевтің айтуынша, өрт сөндірушілер келген кезде пәтер толықтай жанып жатқан. Пәтер есігі жабық болғандықтан, құтқарушылар оны арнайы құралдардың көмегімен ашуға мәжбүр болған.

"Өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылды, лифтілер бірінші қабатқа түсті. Соған қарамастан аулаға кіреберіс жабық болды, аула көліктермен толып тұрды. Дегенмен, ТЖД күштері өрттің көрші пәтерлерге таралуына жол бермеді", – делінген ресми хабарламада.

Аталған дерек бойынша өрттің себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды.

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астанада Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шыққан. Оқиға орнында үш баланың мәйіті табылды. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып, ол күйікпен ауруханаға жеткізілді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық адам өз бетінше ғимараттан шыққан. Қылмыстық іс қозғалды.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 12 Сәуір, 2026 17:05