Астанадағы ЖЭО-3-тің қазіргі жағдайы қалай: Энергетика министрлігі түсіндірді

Сенатта журналистер Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтан Астанадағы ЖЭО-3 жобасының құрылысы қай кезеңде тұрғанын сұрады. Сонымен қатар олар ЖЭО-1-ді пайдаланудан шығару жоспарда бар-жоғын нақтылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министрдің айтуынша, Жылу электр орталығының (ЖЭО-3) бірінші кезегі іс жүзінде аяқталған.
“Қазір ЖЭО-3-тің бірінші кезегі толық бітті. Соңғы қосалқы жабдықтар ғана пысықталып жатыр. Жалпы, ЖЭО-3 қазірдің өзінде қалаға жылу беріп отыр. Бірінші кезек негізінен жылумен қамтуға бағытталған”, – деді ол.
Есімхановтың айтуынша, станцияның алғашқы кезеңі тек жылу өндіруге арналған. Ал электр энергиясын өндіру келесі кезеңде іске асады.
“2025 жылдың желтоқсанында елордаға арналған газ генерациясын салу бойынша аукцион өтті. Алдағы төрт жыл ішінде қуаты 500 мегаватт болатын газ электр станциясын және қалаға қосымша жылу беретін нысандарды салу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте электр энергиясын өндіру қарастырылмаған. Екінші кезек, яғни парогаз қондырғысы аясында жылу мен электр энергиясын қатар өндіру көзделіп отыр”, – деді вице-министр.
Сонымен қатар журналистер ЖЭО-1-ді пайдаланудан шығару жоспары бар ма деп сұрады. Есімханов мұндай жоспар жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, станция толықтай газ қондырғысына көшірілген және экологиялық талаптарға сай келеді. Қазір ол өз қызметін жалғастырып жатыр.
Бұдан бөлек, Астанада екі ірі газ қазандығы салынған. Олар тиімді жұмыс істеп тұр. Қазір тағы бір газ қазандығының құрылысы жүріп жатыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жаңа нысандар іске қосылғаннан кейін елордада өндірілетін жылу қажет мөлшерден көп болуы мүмкін.
Былтыр желтоқсан айында екі жаңа Жылу электр орталығы жобасына қатысты Ресей тарапынан әлі жауап түспегені айтылған еді. Осыған байланысты Қазақстан бұл жобаларды өз күшімен жүзеге асыруы мүмкін екенін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлаған.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО-3 жаңғырту қарқынын сынға алғаны туралы жазған едік.
"7 миллиард теңгеге жуық": Алматы әкімін қамтамасыз етуге премьер-министрден көп қаржы жұмсалады