Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы лифттің құлауы: Тұрғындар лифттердің үй қолданысқа берілген кезден-ақ апатты жағдайда болғанын мәлімдеді

Видеодан скрин

Астанада лифт құлаған тұрғын үй кешенінің тұрғындары лифттердің ақаулары үй қолданысқа беріле сала басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғындардың бірі қаза болған жұмысшыны лифтке кірерден алдын көргенін, лифттің апатты жағдайда тұрғанын ескерткенін айтады. 

“Бұның алдында да қанша рет құлаған. Қаза тапқан жігіт жөндеуге келген компаниядан. Кіріп бара жатқан кезде мен өзім жеке оған айттым. Қол қоймаңдар, ауыстыруды сұраңдар, жөндеуге келмейді дедім”, – дейді әйел. 

Тұрғындар бұл оқиғаны оқыс жағдай деп жылы жауып қоюға болмайтынын айтып, дабыл қақты. 

“Бұл екі жылдан бері жалғасып келе жатқан мәселе. Барлық құзырлы органдарға жүгінген арыздар тұрғындардың қолында бар. Сотқа да бергенбіз. Барлығын дәлелдеп бере аламыз. Біз жөндеуге келген адамдарға да ескерту жасадық”, – дейді тұрғындардың бірі. 

Дәл осы үйде тамыз айында лифт кабинасы ішінде қыз бала бар кезде құлап кеткен, абырой болғанда бала зардап шекпеген. Ал қыркүйекте лифт 5 және 6-қабат арасына қысылып қалып, адамдарды 15 метр биіктіктен шығарып алуға тура келген екен.

Астананың әкімдігі "Арыстан" тұрғын үй кешенінде лифттің құлауына байланысты болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. 

Астананың тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметіне сәйкес, "Арыстан" тұрғын үй кешенінде барлығы 16 лифт орнатылған, әр кіреберісте екі лифттен бар. Тұрғындар үйге кірген сәттен бастап оларға "Эколифт" компаниясы қызмет көрсетіп келген, алайда осы компанияның жұмысына бірнеше рет шағым түскен.

Тұрғындардың өтініштерімен  “A-TEKNIK” құрылыс компаниясы биылғы жылдың 25 қыркүйегінен бастап қызмет көрсетуші ұйымды "LIFT STROY IMPORT" ЖШС-ға ауыстырған.

Қазір лифттің құлауына байланысты арнайы комиссия құрылды.

"Апатты жағдай болған кезде лифттерге қызмет көрсететін ұйым оларды эксплуатацияға дайындау мақсатында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан. Лифттің құлау фактісі бойынша еңбек инспекциясы, полиция департаменті, тұрғын үй инспекциясы және басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен комиссия құрылды. Оқиғаның себептері анықталуда", – делінген Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін Астанада ішінде адамдар болған лифт құлап, бір адам қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 19:05
Талқылау