Астанадағы лифтте пышақ жарақатын алған 5 жасар баланың өмірін дәрігер көршісі құтқарып қалған
Астанадағы лифтте пышақ жарақатын алған 5 жасар баланың өмірін дәрігер көршісі құтқарып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Бұған дейін Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде кәмелетке толмаған жасөспірім лифт ішінде 5 жасар балаға шабуыл жасап, бірнеше пышақ жарақатын салғаны туралы жазған едік. Қылмыстан кейін жасөспірім оқиға орнынан қашып кеткен.
Зардап шеккен баланың анасы бірден көмек сұрап дәрігер болып жұмыс істейтін көршісіне жүгінген. Көршісі – Астанадағы №1 қалалық аурухананың дәрігері, 13 жылдық тәжірибесі бар хирург-эндоскопист Жандос Ахнаев болып шықты. Дәрігер бұл қайғылы оқиға туралы жұбайынан білді – екеуі де үйде болған кезде, бес жасар Жандостың анасы көмекке шақырған.
"Жүгіріп барғанда, баланың бетінен қатты қан кетіп жатқанын бірден байқадым. Анасы жараны шүберекпен басып тұрды, бірақ қан тоқтамай жатты. Қарап шыққанымда, қан тамырынан тоқтаусыз қан кетіп жатқанын көрдім. Дәкені басып, қан тоқтағанша қысым жасадым. Бірден анасына жедел жәрдем шақыруды айттым", – деді дәрігер Теngrinews.kz-ке берген сұхбатында.
Жағдайды одан әрі қиындатқан нәрсе – Батыр 1-типтегі қант диабетімен ауыратын еді, әлсіз болып, есінен танып жатты.
"Құралдарым қасымда болды, тіпті жараны тігіп жіберейін бе деп те ойладым. Бірақ баланың жағдайы өте ауыр еді. Ол көп қан жоғалтты, қант деңгейі төмендеп кеткен болуы мүмкін. Есін бір сәтке ғана жиып, қайтадан есінен танып жатты. Тек ауырсынуға ғана реакция білдірді. Ауырсынуды басайын деп лидокаин салмақ болдым, бірақ ол бірден айқайлап жіберді. Ал жараның астында үлкен қан тамыры жатты. Сол кезде түсіндім: жақсысы, ешнәрсені қозғамай, жедел жәрдем келіп, мамандар жағдайды бағалағаны дұрыс", – деп түсіндірді дәрігер.
Жандос баланың анасы бұл кезде әбден есеңгіреп қалған деп еске алады.
"Анасы тек "Бұл істі кім жасады? Айтшы, кім жасады?" деп қайталап тұрды. Ал баласы Батыр "Анашым, ештеңе айтпа" деп жауап берді", – деді дәрігер.
Жандостың айтуынша, анасына қатысты әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлерді түсіне алмайды және бұл оны ренжіткен.
"Мен өзімді ұстап тұрдым, бірақ адамдар ананы кінәлай бастағанда... Оның тағы бір емізулі сәбиі бар! Бұл күндізгі уақыт, балалар далада ойнап жүрді. Батыр күнде дамыту орталығына барып, аулада ойнайтын. Оны бүкіл үй біледі, жақсы көреді. Мұндай жағдай болады деп кім ойлаған?" – деп анасына араша түсті ол.
Дегенмен, қазақстандықтардың басым бөлігі қолдау сөздерін жазып, бала мен анаға көмектесудің жолдарын іздей бастады. Жандос Ахнаевтың әлеуметтік желісіне де көптеген сұраныс түсіпті.
"Анасымен қалай байланысуға болады? Ақша аударудың жолы бар ма? Қалай көмектесе аламыз?" – деп сұрап жатыр. Әсіресе, әйелдер қатты жанашырлық танытып отыр. Біздің аналар бір-бірін өте жақсы түсінеді", – дейді Жандос.
Жандос Ахнаевтың сөзінше, өзі төтенше жағдайлардың ортасында жиі болатын адам екен.
"Бірде жұбайым екеуіміз пойызда бір әйелге көмектестік: оның қан қысымы қатты көтеріліп, криз болды. Тағы бір жағдайда жүкті әйелге шұғыл көмек қажет еді. Біз – дәрігерміз, сондықтан төтенше жағдайларда дереу көмек көрсетуге рұқсат сұрап, әрекет етеміз", – деп бөлісті ол.
Жандос хирург ретінде алғашқы қадамдарын Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасында бастап, кейін туған жері Балқашта бір жылдан астам уақыт еңбек етті. 8 жыл – жедел жәрдемде, 5 жыл – қабылдау бөлімінде қызмет еткен. Қазір Астанада резидентураны аяқтап, тамыр хирургі мамандығын алып, адамдарға көмектесуді жалғастырмақ.
Дәрігер шұғыл әрі кәсіби түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуді тоқтатып, жедел жәрдем бригадасы келгенше баланың жағдайын тұрақтандырған.
Осыдан соң бала ауруханаға жеткізіліп, онда оған ота жасалып, қазір қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты, орташа ауыр екенін айтады.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеп тастағаны туралы жазған едік. Кейіннен осы жасөспірімнің лифтте тағы бір қызға шабуыл жасамақ болғаны анықталды. Астана полициясы шабуыл жасаған жасөспірімнің оқшауланатынын хабарлады.