"Астанадағыдай оқиға қайталанса, түрмеге қамау керек": Депутаттар құрылыс компаниялары сапа мен қателер үшін жауап беретінін айтты
Видеодан скрин
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов тікелей эфир барысында құрылыс саласындағы жүйелі мәселелер және депутаттар енгізген кең ауқымды өзгерістер туралы айтты. Оның айтуынша, тұрғын үй сапасы үлкен күмән тудырады, ал құрылысты бақылау жеткілікті деңгейде жұмыс істемейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Астанадағыдай оқиға қайталанса, түрмеге қамау керек"
Депутат Астанадағы қайғылы жайттарды, соның ішінде фельдшердің үстіне құлаған конструкция, лифтке кірген адамның қаза табуын еске салды. Ол мұның бәрі жүйелік қателердің салдары екенін атап өтті.
"Құрылыс сапасын көріп отырмыз. Қажет элементтер дұрыс қосылмаған, үйдің сыртқы қаптамасы түсіп жатыр. Ғимарат 5 жылдан кейін-ақ қирай бастайды, жанынан жүрудің өзі қауіпті. Адамға тимесе де, көліктерге түсіп жатады. Бақылау жоқ, сапа жоқ – басты мәселе осы болды. Ал ақша қалтаға кетті. Қазір мемлекет тек құрылыстардың 14%-ын бақылайды. Әр компанияның өз сараптамасы, өз техникалық бақылауы бар, яғни өздері салып, өздері қабылдап алады. Бұл дұрыс емес. Олар еркіндік сұрады, бірақ уәделерін орындамады. Әкімдермен байланысып, мектеп пен аурухананың орнына үйлер мен сауда орталықтарын салып тастады", – деді депутат.
Оның айтуынша, бұрын бас жоспарлар азамат дүкенге, балабақшаға немесе ауруханаға 15 минутта жете алатындай болып жасалған. Қазір бұл жүйе бұзылған. Ал тұрғындар қарапайым әрлеуі де дұрыс жасалмаған, қоныстанған күні-ақ қабырғасы түсе бастайтын пәтерлер алып жүр.
Әбенов депутаттардың Стратегиялық кодекске енгізген өзгерістерін әзірлеуге екі жылдай уақыт кеткенін, нәтижесінде нормалардың 67%-ы жаңартылғанын айтты.
Негізгі өзгерістер:
• құрылысқа мемлекеттік бақылау қайта енгізіледі;
• құрылысқа берілетін кепілдік 2 жылдан 10 жылға ұзартылды.
"Кепілдік сатып алушы үйге жаңа көшіп кірген кезде-ақ бітіп қалады. Осыны реттеу үшін екі жыл жұмыс істедік. Кодекстің 67%-ын өзгерттік. Бақылауды мемлекетке беруге шешім қабылдадық. Егер бірнәрсе бұзылса, оны құрылыс компаниясының өзі жөндейді, ал біреу зардап шексе, жауап береді. Ал Астанадағыдай оқиға қайталанса, түрмеге қамау керек", – деді Мұрат Әбенов.
Ол жауапкершілік енді архитектор, сараптама, техникалық бақылау және құрылыс компаниясы арасында бөлінетінін атап өтті. Сондай-ақ бас жоспар 20 жылға жасалатынын, ал деталды жоспарлау жобасы (ДПП) әр екі жыл сайын жаңартылатынын айтты.
Депутаттың сөзінше, құрылыс компаниялары жаңа талаптарға қарсы шығып, "сапа қымбатқа түседі" деп мәлімдеген. Алайда, оның айтуынша, бұл шындыққа жанаспайды.
"Олар “осылай жасасаңдар, бізге материалдарды сапалырақ алу керек, сондықтан бәрі қымбаттайды” дейді. Бұл өтірік. Техникалық реттеу туралы заң өзгерген жоқ, бұрын кепілдік тіпті 50 жыл болған. Мұны айтуға ұялмайды. Олар бізді осы уақытқа дейін алдап келді", – деді ол.
Енді құрылыс стандарттарын шамамен 200 ғалым жұмыс істейтін "ҚазҚСҒЗИ" институты әзірлейді. Мұрат Әбеновтің айтуынша, керамогранитті ғимараттардың жоғарғы бөлігіне орналастыруға мүлдем болмайды.
"Олар жоспарды өздері жасайды да, керамогранитті жоғарғы қабаттарға қояды. Кейін ол сол көліктердің үстіне құлайды. Төрт қабаттан жоғары барлық ғимараттар міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өтуі керек", – деді ол.
"Лифтілерге кемінде 10 жылдық кепілдік беріледі"
Жаңалықтардың бірі лифтілерге кемінде 10 жылдық кепілдік беру талабы болып отыр.
"Компаниялар қарсы болып жатыр. Лифтіні іске қосу актісін тек мамандар беруге тиіс. Мұны мүлік иелерінің бірлестіктері ғана емес, лифтілерге жауапты әкімдік департаменттері де бақылауға алуы керек. Олар жыл сайын тексеріп, бақылап отыруға тиіс", – деп түсіндірді депутат.
Енді қүрылыс салушы өндіруші компаниядан және тексерушілерден алынған кепілдік құжаттарын міндетті түрде ұсынуы керек.
Депутаттың айтуынша, құрылыс компаниялары тендер ұтып алған соң, жұмысты беймәлім жеке кәсіпкерлерге өткізіп жіберіп, өздеріне 30-40% қалдырып отырған. Енді мұндай тәжірибе тоқтатылады.
"Егер компания тендерді ұтса, жұмыстың 70%-ын өзі орындауы керек. Егер 70%-ын өзің атқармасаң, тендерді де ала алмайсың", – деді ол.
"Енді құрылыс салушы қосалқы мердігерге бар жүкті іле салмайды"
Әбеновтің айтуынша, құрылысшылар қауымдастықтары реформалар құрылысты қымбаттатады деп айтуын жалғастырып жатыр. Бірақ бұл сапаны төмендету мен қосалқы мердігерге беруді жалғастыруға тырысқан сылтау ғана.
"Стандарттар бұрынғыдай. Тек енді ұрлай алмайсың, қосалқы мердігерге өткізіп жібере алмайсың. Адамдар 20 жылға ипотека алады, ал екі жылдан кейін үй құлай бастайды. Сондықтан материал сапасын қатаң бақылаймыз. Енді застройщик не сатып алғаны сайтта көрініп тұрады. Мен ауызша келісімдерге сенбеймін. Әкім бірдеңе жасаса, "оған не берген екен" деп ойлаймын. Бәрі ашық болғаны дұрыс. Халық та шаршады, енді сапаны ойлайық", – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, бұрын кодексте мүмкіндігі шектеулі азаматтар туралы нормалар болмаған. Енді автобустар, ғимараттар мен тротуарлар арнайы пандустармен жабдықталады.
"Алдымен қарсы болды. Премьер-министрге жаздым. Кейін құрылысшылар да қарсы шықты. "Біздің ғимаратымыз олар үшін емес" дейді. Ондай болмайды. Әрбір азамат кез келген жерге кіре алуға тиіс", – деді депутат.
"Арамза" құрылысшылар тізімі пайда болады
Салада енді адал емес құрылысшылар тізімі пайда болады. Бұған бұрын сот даулары болған компаниялар кіреді. Мұндай тізімге түскендер үш жылға дейін нарықта жұмыс істеу мүмкіндігінен шектеледі. Бұл тізімді жүргізу Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүктеледі.
"Бұл ұсынысты Бақытжан Базарбек жасады. Мамырдан бастап бәрін барынша ашық етеміз. Мен оларды арамза деп атар едім. Қолдарын жылытып алмақ болды. Байланыс арқылы келісіп, жер сатып алады, заңсыз салады және құрылыс аяқталмай жатып сата бастайды. Ұстайын десе, басқа қалаға қашады", – деді ол.
"Сейсмикалық карта жасалып, қай жерде құрылыс болмайтыны белгіленеді"
Бұдан бөлек Мұрат Әбенов бас жоспарға негіз болатын алғашқы сейсмикалық карта туралы айтты.
"Бас жоспарға сейсмикалық картаны салды, енді қай жерде құрылыс болмайтыны белгіленеді. Сел қаупі бар аумақтар, тектоникалық аймақтар, тау бөктерлері. Қазақстанда басқа да сейсмоқауіпті аймақтар бар. Сол жерлердің де сейсмикалық картасы дайын болғанда, соған сүйенеді", – деді депутат.
Шілдеде Алматыда мәжіліс депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері жаңа Қала құрылыс кодекс жобасын талқылады. Өзгерістердің ішінде сел қаупі бар аумақтарда құрылысқа тыйым салу, ал тектоникалық жарылымдарда үш қабатқа дейін ғана құрылыс жүргізу талабы бар.
"Жаңа Құрылыс кодексі плагиаттан өтпей қалған"
Жаңа Құрылыс кодекс жобасы 2024 жылдың ақпанында парламентке енгізілген еді. Онда бірыңғай цифрлық реестр, мамандарды міндетті сертификаттау, жедел әрекет ету тетіктері, жоспарлы тексерістер және бұрын берілген рұқсаттарды қайта қарау ұсынылған.
Құжаттың жеке тарауы сейсмикалық қауіпті аймақтардағы жобалау мен құрылысқа арналған. Онда сейсмоизоляциялық технологияларды қолдану және сейсмикалық қауіпті міндетті бағалау қарастырылған.
Сонымен қатар кодексте саланы реттеудің жаңа тәсілдері ұсынылды. Ол қоғамдық бақылауды күшейту және аумақтарды кешенді дамыту механизмдерін енгізу болып отыр.
Алайда жаңа Құрылыс кодекс жобасы үлкен сынға ұшырады. 7 ақпандағы үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжаттың сарапшылар мен кәсіпкерлердің пікірінше, өзекті мәселелерді шешпейтінін, жаңа шешімдердің орнына бұрынғы нормалардың жинағы ғана болғанын айтты. Президент жобаны қайта пысықтауды тапсырды.
Соған қарамастан, заң жобасын министрлікке қайтармай, мәжіліс жұмыс топтарына жіберді. Депутат Бақытжан Базарбек құжатты қатты сынға алып, оны "200 беттік бос парақ" деп атады.
Сонымен бірге мәтіннің плагиаттан өтпегені белгілі болды. Оның түпнұсқалығы 1%-дан төмен болған. Ал жобаны әзірлеуге бюджеттен 382,5 миллион теңге жұмсалған.
Алматыда тұрғын үй ғимаратының қасбетінде декоративтік жарықтандыру сымдары өртенді (видео)
Астанадағы қасбеті құлаған тұрғын үйге кім жауапты болған
Еске салайық, бұған дейін Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлап, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны туралы жазған едік. 18 қараша күні 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды. сы жағдай қоғамда резонанс тудырып, оқырмандар құрылысқа жауапты компаниялар мен мердігерлерді қатаң жауапқа тарту қажет екенін атап өтті. Бұдан кейін Stan.kz заңгер Фархад Курбазаровтан тұрғын үйді заң аясында қалай жауапқа тартуға болатынын және егер тұрғындар үйдің сапасыз екенін білсе, қай мекемелерге жүгінуі керек екені туралы сұрап білді.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік