Астанадағы Kaspi банк филиалын басып алу оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды - Ішкі істер министрі
Астанадағы Kaspi банк филиалын басып алу оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Арнайы операция жүргізілді, арнайы құралдар қолданылды. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында барлық себептер нақтыланады”, – деді министр оқиға орнынан журналистердің сауалына жауап беріп.
Сондай-ақ, ол мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық банктерге ұсыныстар берілетінін атап өтті.
Оның айтуынша, басқыншы түрлі талаптар қойған. Оның ішінде туыстары мен достарына белгілі бір шоттарға ақша аудару. Шабуылшының туыстары да тартылған.
Еске салайық, қарулы адам Астанадағы банктердің бірінің филиалына келушілерді басып алған. Ішінде жеті қыз бен бір күзетші бар екені хабарланды. Оқиға орнына арнайы жасақ келді. Kaspi банкінің баспасөз қызметі тек банк қызметкерлері ғана кепілге алынғанын хабарлады.
Кейін Ішкі істер министрлігі Астанада қарулы азамат кепілге алған азаматтардың барлығы босатылғанын мәлімдеді.