Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы қасбеті құлаған тұрғын үйге кім жауапты болған: Комитет төрағасы жауап берді

тұрғын үйдің қасбеті құладыВидеодан скрин

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Астанадағы қасбеті құлаған тұрғын үйді кім бақылауы тиіс екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

8 қарашада Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты үйдің қасбетіндегі сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түсті. Жүнісбековтің айтуынша, бұл үй 20 жылдан aстам бұрын пайдалануға берілген. Бұл нысандардың күтімі мен қауіпсіз пайдаланылуы оның балансындағы мүлік иелерінің бірлестігіне жүктеледі.

"Бұл тұрғын үйлерге де, қоғамдық ғимараттарға да, коммерциялық нысандарға да қатысты. Бұл жағдайда тұрғындардың бірлестігі ортақ мүлікті міндетті түрде күтіп ұстауы тиіс. Оның ішінде қасбеттік конструкциялардың қоршаушы элементтері де бар, олар қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек", - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол сондай-ақ күрделі жөндеу жүргізуге арналған нормативтер ашық қолжетімді екенін, әрбір үй иесі онымен таныса алатынын айтты.

"Ғимарат иелері бұл жұмысты жүргізуге міндетті. Күрделі жөндеудің мерзімділігі туралы норматив бар. Күрделі жөндеудің алдында міндетті түрде ғимаратқа техникалық тексеріс жүргізіледі. Егер көтеруші немесе қоршаушы конструкцияларда көзге көрінетін зақым болса, техникалық тексеру міндетті түрде жүргізілуі керек. Ғимарат иелері мұндай жағдайларды анықтап, алдын алу шараларын қабылдауы тиіс", - деді Жүнісбеков.



Ғимараттардың жағдайын бақылаумен тұрғын үй инспекциясы да айналысуы тиіс.

Оқиға кезінде үйдің 150 шаршы метр қасбеті құлап, кірпіштер бірінші қабаттағы дүкеннің кіретін есігін басып қалған. Бес адам зардап шекті, олардың арасында оқиға орнына келген екі фельдшер болды. Олардың біріне жабық бассүйек-ми жарақаты диагнозы қойылды. Дәрігерлер оған трепанация жасап, ұйыған қанды алып тастап, қан кетуді тоқтатты. Алайда 18 қарашада фельдшер көз жұмды. Сол күні президент оны ерлігі үшін медальмен марапаттады.

Оқиға бойынша тергеу Қылмыстық кодекстің 306-бабы "Ауыр дене жарақаттарына әкелген сапасыз қызмет көрсету"және 278-бабы "Сапасыз құрылыс" бойынша жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлап, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны туралы жазған едік. 18 қараша күні 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды.

Рая Мінәп
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 17:52
Талқылау