Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы "Думан" қонақүйі неге "Отбасы банкке" сатылды: Холдинг басшысы түсіндірді

Фото: google.com/maps

Астанадағы бұрын Дариғa Назарбаеваға қатысы болған "Думан" қонақүйі "Отбасы банкке" сатылды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтегі брифингте "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Астанадағы "Думан" қонақүйі "Отбасы банкке" сатылды. Бұрын Дариға Назарбаеваға қатысы бар нысан мемлекетке қайтарылған активтердің қатарында болғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қонақүйді алдымен аукцион арқылы сату жоспарланған. Алайда ұсынылған баға әлеуетті сатып алушыларды қанағаттандырмаған.

Кейін ғимараттың аумағы мен техникалық сипаттары "Отбасы банктің" жаңа кеңсесі үшін қолайлы екені анықталған. Банк конкурсқа заң талаптарына сай қатысып, нысанды сатып алып, қаражатты мемлекетке толық аударған.

Осылайша, ғимарат іс жүзінде мемлекеттік сектор иелігінде қалды. Қарағойшиннің сөзінше, жаңа нысан салғаннан гөрі дайын ғимаратты сатып алу әлдеқайда тиімді.

Қонақүй туралы мәліметтер:

  • жалпы ауданы 44 206,5 м²
  • 18 қабат және жертөле
  • 211 бөлме
  • 6 бизнес-конференц-зал
  • 2 мейрамхана, бассейн, боулинг-клуб бар
  • кешен орналасқан жер телімі 2059 жылға дейін жалға алынған.


Еске салайық, бұған дейін Астанадағы "Думан" қонақүй кешені Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевқа қатысы бар компаниядан мемлекетке қайтарылып, Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның балансына берілген. Бұл нысан жалпы құны ондаған миллиард теңгеге бағаланған қайтарылған активтердің қатарына кірген.

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 14:17