Астанадағы бір көшеге бұрынғы премьер-министрдің есімі берілді
Астанадағы көшенің біріне мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың есімі берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Нұрлан Балғымбаев туралы "Жарқын өмір сүрдім" фильмінен скрин жасалған
Астана әкімдігінің дерегіне сенсек, қалада мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев атындағы көше пайда болды. Аталған көше елорданың Есіл ауданында орналасқан. Ұзындығы – 1 100 метр. Түркістан көшесінен басталып, Ұлы дала даңғылында аяқталады.
Әкімдіктің хабарлауынша, бұған дейін мұнда екі көше болған: бірінің жобалық атауы №29/1 (Қабанбай батыр даңғылынан Ақмешіт көшесіне дейін), екіншісі – аты жоқ көше (Түркістан көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейін). Бұл екі көше біріктіріліп, бұрынғы үкімет басшысының атымен аталған.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің, энергетика министрлігінің өкілдері, мұнай-газ саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және көрнекті тұлғаның отбасы мен туған туыстары қатысты.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі.
"Бүгін – шаһарымыздың қоғамдық-саяси өмірінде айтулы күн. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елорда көшесіне тарихи тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың есімі беріліп отыр. Бұл көше қала тұрғындары мен қонақтары көп жүретін орталықта орналасқан. Нұрлан Өтепұлы Тәуелсіз Қазақстан тарихында қажырлы еңбек атқарған салиқалы саясаткер, мемлекетшіл тұлға еді. Әсіресе ел үкіметін басқарған кезде көптеген игі реформаларды қолға алып, жұмысты жақсартуға көп үлес қосты", – деді Есет Байкен.
Фото: Астана әкімдігі
Әкім орынбасары оның мұнай-газ саласына жетекшілік еткен жылдары елдің инвестициялық әлеуетін көтеріп, салаға тың серпін бергенін атап өтті. Оның айтуынша, қайраткер саналы ғұмырын ел игілігіне, мұнай-газ саласын дамытуға арнап, абыроймен ғұмыр кешті.
"Өмірінің біраз бөлігін елордада өткізді. Осы қалада жүріп, маңызды шешімдер қабылдады. Атқарған көп ісі тәуелсіз ел тарихына алтын әріппен жазылғаны сөзсіз. Елге қызмет еткен қайраткерлерді ұлықтау, жас ұрпаққа насихаттау – қажет іс. Осы арқылы мықты азаматтар буынын тәрбиелей аламыз. Нұрлан Өтепұлының есімі ешқашан ұмытылмайды деп сеніммен айта аламын", – деді әкім орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында екі елді мекеннің атауы өзгертілгенін жаздық. Казцик ауылына қазақ театр педагогикасының негізін салушы Асқар Тоқпановтың есімі берілді. Осыған орай ауылда салтанатты шара өтті. Қызыл лентаны қию құқығы құрметті қонақтарға тапсырылды. Ашылу салтанатына қатысқан тұрғындар бұл шешімге риза болды. Олар мұны Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және танымал ету жолындағы маңызды қадам деп санайды. Сондай-ақ бұл күні Комсомол ауылының аты Жайнақ болып өзгертілді.