Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Астанада жүріп, Павлодардан тапсырыс қабылдаған": 28 жастағы әйел жеңгетайлықпен интимді қызмет ұйымдастырғаны үшін сотталды

Фото: pixabay.com

Павлодарда онлайн жеңгетайлық жасап, секс қызметін ұйымдастырған 28 жастағы әйел 3 жылға сотталды. Ол өзі Астанада жүріп, онлайн түрде Павлодардан клиенттерден тапсырыс қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Материалдар Павлодардың ауданаралық сотында жабық режимде қаралды. 2025 жылдың тамызында астаналық тұрғын заңсыз бизнес ұйымдастырып, алты әйелді жұмысқа алған. Олар интим қызметтерден тапқан табысының 30%-ын қызға беріп отырған. Қызметтердің бағасы 20–30 мың теңге аралығында болған. 

Күдіктіні ұстау Павлодар полициясы бақылау сатып алу арқылы жүргізген. Бір әйелге арнайы дайындалған клиент жіберіліп, қызмет көрсеткен сәті видеокамера мен диктофон арқылы жазылған. Осыдан кейін толыққанды тергеу басталған.



Сотта айыпталушы кінәсін мойындаған.

“309-бап 2-бөлім 3-тармақ бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тану және оны 3 жылға орта қауіпсіздігі бар қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады”, – деді Павлодар ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Өрнек Абжапаров.

Астаналық әйелге кішкентай балаларына байланысты жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды. 

STAN.KZ
Жексенбі, 22 Ақпан, 2026 09:40