Астанада жасөспірім науқастың өліміне себеп болған анестезиолог сотталғанымен жазадан құтылып кетті

Астана қаласында кәмелетке толмаған науқастың операция кезінде қайтыс болуына байланысты айыпталған анестезиолог Қанат Темірғалиев 2 жылға сотталды. Алайда амнистияға ілінуіне байланысты негізгі жазадан босатылып, оған тек медициналық қызметпен айналысуға 3 жылға тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау, абайсызда адам өліміне әкеп соғуы бойынша айыпталған Қанат Темірғалиев қатысты қылмыстық іс қаралды Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі. 2024 жылғы 25 шілдеде кәмелетке толмаған Әділхан Әбілдинов "созылмалы полипозды полисинусит" диагнозымен жоспарлы түрде аурухананың оториноларингология бөліміне жатқызылған. Жүргізілген тексеруден кейін оған жоспарлы операция тағайындалған.
2024 жылғы 29 шілдеде "екі жақты эндоскопиялық синусотомия, жалпы ингаляциялық анестезиямен және өкпені инвазивті желдету арқылы" жүргізілген операция барысында анестезиолог Қанат Темірғалиев тарапынан медициналық көмекті көрсету кезінде кемшілікке жол берілген. Эндотрахеалдық интубациялық түтіктің герметикалығының бұзылуы салдарынан қан тыныс алу жолдарына түсіп, аспирацияға, асқынулардың дамуына және пациенттің қайтыс болуына әкеп соққан.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен, тексеру актісінің нәтижелерімен, комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденді. Прокурор сотталушыға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ медициналық ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айыруды тағайындауды сұрап, амнистияны қолдана отырып негізгі жазадан босатуды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды және 3 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды көздейді.
Сот үкімімен анестезиолог Қанат Темірғалиев кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және 3 жыл мерзімге медициналық көмек көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
"Қанат Темірғалиев жасаған қылмысы абайсызда жасалған, онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы" Заңның 2-бабы 1-тармағына сәйкес мұндай қылмыс жасаған адамдар негізгі жазадан босатылады. Амнистияны қолдану соттың міндеті болып табылады. Осыған байланысты Қанат Темірғалиев бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден босатылды. Сот тағайындаған қосымша жаза орындалуға жатады", – делінген хабарламада.
- 3 жасар қыздың 18 тісін қатар емдеп өлтіріп қойған: Астаналық анестезиолог сот залынан босатылды (видео)
- Жамбылда тағы бір әйел перзентханада көз жұмды: Дәрігерлер "40 мың төлемегенсің" деп қайтарып жіберген
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылғы 29 шілдеде Астанада 13 жастағы Әділхан Әбілдинов жоспарлы операция кезінде көз жұмған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, операция барысында тыныс алу жолдарына қан кетіп, асқынулар туындаған. Кейін анестезиолог Қанат Темірғалиевке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот оны кінәлі деп таныды.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?