Астанада заңсыз майнингпен айналысқандар бір тұрғын алабы тұтынатындай энергия жұмсап үлгерген
Елорда аумағында тиісті лицензиясыз цифрлық активтерді заңсыз өндіру фактісі бойынша қылмыстық істі қаржылық мониторинг агенттігі тергеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер 2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамыр айына дейін Астана қаласының аумағында ай сайынғы электр қуатын тұтынуы мегаполистегі бір тұрғын алабының қажеттілігімен парапар болатын, қозғалтқыштарды өңдеу орталығының түрінде жасырылған майнингтік ферманың қызметін ұйымдастырған.
Осы кезеңде өндірілген заңсыз цифрлық активтердің құны 143 миллион теңгеден асқан. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 1 300-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен (ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар және қосалқы трансформаторлық станция тәркіленді. Бұдан басқа олардың электр энергиясы үшін 25,3 миллион теңге сомасына төлем жасамағаны анықталды.
ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.
"Қаржылық мониторинг агенттігінің істері бойынша 2024 жылы цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында 7 үкім шығарылды. Олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1,2 миллиард теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды. ҚМА "Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы" заңына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында цифрлық майнинг қызметі лицензиялауға жататынын, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығару және оның айналымы, сондай-ақ осыған ұқсас биржалар қызметі "Астана" Халықаралық қаржы орталығы аумағында ғана жүзеге асырылылатынын мәлімдейді", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында заңсыз майнингпен айналысқандар 3 аудан орталығы тұтынатындай энергия жұмсағанын жаздық. Қостанай облысында бірнеше азамат лицензиясыз заңсыз майнингпен "Bitcoin"қамтамасыз етілмеген цифрлық активін (криптовалюта) өндірумен айналысқан. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, заңсыз іспен айналысқандардың жалпы айналымы 100 миллион теңгеден асқан.