Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада үй иесі жалға алушылардың өлімі үшін 5 жылға сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өрт салдарынан екі адам мен кәмелетке толмаған бала қаза тапқан үйдің иесіне қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Үй иесіне өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққаны үшін айып тағылған. 

“Сотталушы 2024 жылдың маусым айында аталған тұрғын үйде өрттің тұтануына жол беріп, нәтижесінде көмірқышқыл газынан улану салдарынан үш адам қайтыс болған, олардың біреуі кәмелетке толмаған. Өртке ұзартқыш ішіне тартылған электр кабелінің мыс сымдарының қысқа тұйықталуы нәтижесінде жиһаздың, атап айтқанда диванның қаптамасының ыстық металл бөлшектерінен тұтануы себеп болған”, – делінген хабарламада. 

Үй иесі үш жәбірленуші мен басқа да азаматтар тұрған тұрғын үйінің бөлмелерін құжатсыз жалға беріп, көрсетілген қызмет үшін ақша алған.

Сотталушының кінәсі өзінің мойындау айғағымен, жәбірленушілердің, куәлердің айғақтарымен, сотталушы мен жәбірленушілер арасында жасалған келісім шарттармен, ақшалай қаражатты аудару туралы түбіртектермен, ақшалай қаражатты беру туралы банк үзінділерімен дәлелденді.

Сотталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушілердің өкілдеріне моральдық шығынды өтеп берді.

“Сот үкімімен, жасалған қылмыстың мән-жайын, жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сотталушы 3 жыл мерзімге өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, осыған дейін Астанада бір бөлмелі пәтеріне 1000-ға жуық адам тіркеген үй иесі сотталған еді. 

Талқылау