Астанада тұрғын үй кешені отқа оранды: Тұрғындар қонақ үйге орналастырылды
Фото: Видеодан скрин
Астанадағы "Семь бочек" тұрғын үй кешенінен өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігі кешеннің бір блогының қасбетінде орналасқан қаптама материалы өртенгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған видеодан кешеннің қызыл жалынға орынғаны көруге болады. Кадр сыртында адамдар оттың өте жылдам таралып жатқанын айтып жатты.
"Астана қаласы, Нұра ауданы, Сығанақ көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінің қасбетінің сыртқы қаптамасы жанып жатыр. Қазіргі уақытта ТЖМ өрт сөндірушілері отты сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр. Өрт шыққан жерді полиция қызметкерлері қоршауға алды. Барлық тұрғындар эвакуацияланды.
Өртті сөндіруге төтенше жағдай департаментінің 45 қызметкері мен 13 техника бірлігі жұмылдырылды.
"Өртті оқшаулау шаралары қабылданып жатыр. Өртті сөндіру үшін бірнеше су құбыры тартылды. Алайда өрт сөндіру жұмыстары кіреберіс жолдардың жоқтығынан қиындап отыр", – деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрлігі.
Ведомствоныың мәліметінше, өрт 01:39-да ауыздықталды.
Белгілі болғандай, 6-қабаттан 16-қабатқа дейінгі сыртқы қаптаманың жылу оқшаулағыш материалы және 14-қабаттағы балкон өртенген. Жалпы өрт аумағы 250 шаршы метр.
Құтқарушылардың айтуынша, кіреберіс жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатқан.
Шамамен 100 тұрғын өз бетімен сыртқа шыққан, ал ТЖД күшімен 15 адам эвакуацияланды. Оқиға орнында қала әкімдігі, төтенше жағдай департаменті және полиция қызметкерлерінен жедел штаб құрылды. Өрт жедел сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
"Астана қаласының әкімдігі қажет болған жағдайда тұрғындарға уақытша қала қонақ үйлерінде орналастыру ұйымдастырылады. Сондай-ақ жан-жақты көмек көрсетіледі. Бұған қоса, ғимараттың қасбеті мен зақымдалған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жедел түрде басталады", – деп хабарлады Астана қаласының әкімдігі.