Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада тісін емдетпек болған 3 жасар қыздың өлімі: Прокурор анестезиологтың жазадан босатуды сұрады

Видеодан скриншот

Астанада тіс емдету кезінде көз жұмған 3,5 жастағы Зере Есентайдың өліміне қатысты сот отырысында прокурор анестезиологқа жаза қолдануды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Анестезиолог Аида Жұмағалиеваға Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі “Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан немқұрайлылық салдарынан науқастың өліміне әкеп соқты” деген айып тағылды.

Прокурор Еркебұлан Шалқаров наркоз жасаған анестезиолог Аида Жұмағалиеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын және 3 жылға медициналық қызмет көрсетуге тыйым салуды сұрады.

Ол анестезиолог қыздың бірнеше көрсеткіші қалыптан тыс болған нашар тест нәтижелерін көре тұра, тіс емдеу үшін наркоз бергенін атап өтті.

"Жұмағалиева науқастың жағдайының ауырлығын бағаламай, 4 сағат 30 минут бойы Севаран беру арқылы өз әрекеттерін жалғастырды", – деді прокурор.

Прокурордың сөзінше, анестезиологтың әрекеті балада ақырында гипоксия мен ми ісінуі салдарынан өлімге әкеп соққанын қосты.

Дегенмен прокурор Конституцияның 30 жылдығына байланысты анестезиологты жазадан босатуды ұсынды.

"2025 жылғы 23 маусымдағы Конституциясының 30 жылдығына байланысты "Рақымшылық туралы" Заңының 2-бабының 1-тармағына сүйене отырып, тағайындалған негізгі жазадан босатуды ұсынды. Себебі жоғарыда аталған заңның талаптарына сәйкес, жеңіл қылмыс жасаған адам негізгі жазадан босатылады", – деп қосты прокурор.

Ол денсаулық сақтау министрлігінің анестезиологиялық көмек көрсету туралы бұйрығында анестезиологқа қарсы көрсетілімдер нақты көрсетілмегенін, сондай-ақ реаниматологтың қан анализін түсіндірудегі міндеттерін реттемейтінін қосты.

Оның пікірінше, бұл анестезиологқа қан анализінің жоғары деңгейіне қарамастан, балаға анестезия жасауға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді. Анестезиолог кінәлі деп танылса, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада 3 жасар қыз тіс емдетіп жатып көз жұмғаны туралы жазған едік. 

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 18 Желтоқсан, 2025 16:27