Астанада тіс емдетпек болған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта анестезиолог өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді
Видеодан скрин
Астанадағы сотта жеке стоматологиялық клиникада көз жұмған 3 жасар қыздың өліміне қатысты іс бойынша анестезиолог-дәрігерден жауап алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айыпталушылар қатарындағы анестезиолог-дәрігерге қылмыстық кодекстің “абайсызда адам өліміне әкеп соққан медициналық немесе фармацевттік қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы” бабымен айып тағылған еді.
Сот барысында айыпталушыға жаңа айыптау актісі ұсынылды. Жаңа актіде бұрын көрсетілген жазаны жеңілдететін жағдайлар алынып тасталған.
Актімен танысқаннан кейін күдікті өзіне тағылған айыпты толық көлемде мойындамайтынын және айыптаумен келіспейтінін мәлімдеді. Өз сөзінде айыпталушы "кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны" туралы жасалған қорытындыларды орынсыз деп санайтынын айтты.
Астанада тіс емдеу кезіндегі 3 жасар қыздың өлімі: Сотта стоматологтан жауап алынды
Айыпталушының айтуынша, прокурор сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сүйенген, бірақ ол сараптаманың өзі бұзушылықтармен жүргізілген көрінеді. Күдікті балаға ем жүргізілген сәтте өзінде пациенттің денсаулық жағдайы туралы анамнездік деректер болмағанын алға тартты.
"Бірінші сот отырысында біз ата-ананың өз сөздерінен баланы толық сау деп ойлап, ауруына қатысты ешқандай мәлімет бермегенін анықтадық. Бұдан кейін бұл айыптау актісінде медициналық логика мүлдем бұзылған. Мысалы, “лейкоцитоз, тромбоцитоз гипоксияға әкеледі” деген тұжырым мүлде негізсіз", – деді айыпталушы.
Сонымен қатар күдікті айыптау тарапының “оқиғаның салдарын алдын ала білді” деген тұжырымына да келіспейтінін мәлімдеді.
“Науқастың жағдайының ауырлығын толық бағаламай, өз бетінше Севоранды ұзақ уақыт беру арқылы әрекетін жалғастырды" делінген. Алайда ұзақтығын мен белгілеген жоқпын. Ем көлемін де мен белгілемедім. Бұл да сот талқылауы барысында анықталды”, – деді айыпталушы.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жеке стоматологиялық клиникада 3 жасар Зере Есентай 2024 жылғы 30 қазанда 18 тісін бір күнде емдеу кезінде көз жұмды. Наркоз жоспардан ұзақ созылып, медициналық бақылауда бірқатар бұзушылықтар анықталды. Дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді. Анестезиолог кінәлі деп танылса, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Қазақстандық көршісін үйіне іздеп барып, оны өлі күйінде тапқан: Ақыр соңында қылмыстағы басты күдіктіге айналды