Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату айы: Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік бастамаларды қолдауда

2 сәуірден бастап бүкіл әлемде Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясында аутизм туралы хабардарлықты арттыру айлығы басталады. Осы маңызды кезеңге орай Болат Өтемұратов қорының қолдауымен бірқатар әлеуметтік және ағартушылық шаралар ұйымдастырды. Қордың бастамалары аутизм туралы ақпаратты кеңінен таратуға, қоғамның назарын ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларының мәселелеріне аударуға бағытталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар адамдар саны жыл сайын артып келеді. Болат Өтемұратов қоры 12 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның 12 қаласындағы 13 "Асыл Мирас" орталығы арқылы АСБ бар балаларды қолдау жүйесін дамытып келеді. Биыл қор 18 жастан асқан АСБ бар адамдарға арналған сүйемелденген жұмысқа орналастыру жобасын іске қосады.

Атаулы күнге орай Astana Opera театры ғимаратында ерекше балалардың қатысуымен қайырымдылық концерт ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, аутизмі бар балалардың суреттері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды.

Іс-шараға Ақтөбе, Абай, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан 63 бала қатысты. Олар сахнада өнер көрсетіп, өз таланттарын паш етті.
Іс-шараға қатысқан жас өнерпаздардың бірі Дарын Ажмолдаев болашақта әнші әрі IT-маман болуды армандайтынын айтты.
"Қазір мен түрлі концерттерде өнер көрсетіп жүрмін. Бүгін “Шынарым” әнін орындаймын. 7-сыныпта оқимын. Фортепианода ойнағанды ұнатамын. Сондай-ақ мектепте математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жақсы көремін", — деді ол.
Өнер арқылы жүректерді жақындастырған бұл кеш әр баланың мүмкіндігі шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар, Болат Өтемұратов қорының қолдауымен "Шуылдақ шыбын" инклюзивтік спектаклі ұйымдастырылды.

Astana Opera театры ғимаратында өткен "Шуылдақ шыбын" инклюзивтік спектаклінде аутизм спектрлік бұзылысы (АСБ) бар балалар сахнаға шықты. Жалпы қойылымға 84 адам қатысты, оның ішінде 6 мен 19 жас аралығындағы 33 бала мен жасөспірім және олардың ата-аналары бар.

Астанадағы премьераны Аружан Саин басқаратын "Мейірімділік" қоғамдық қоры мен "Аутизмді жеңеміз!" орталығы ұйымдастырды, демеушлік қолдауды Болат Өтемұратов қоры көрсетті.
Жас әртістер үшін мұндай жобаларға қатысу – қарым-қатынас пен әлеуметтік дағдыларды дамытудағы маңызды кезең. Қойылымның декорациялары қолдан жасалған, костюмдер сахналық әрі сенсорлық ерекшеліктерді ескере отырып дайындалған. Ал спектакльдің көркемдік шешімі әр баланың жеке әлеуетін нәзік әрі үйлесімді ашуға бағытталған.

Бұл тек қойылым емес – бұл көпжылдық еңбектің, жүйелі қолдаудың және сенімнің нәтижесі. Қойылым ешбір көрерменді бей-жай қалдырмады.
Мюзиклге "Асыл Мирас" аутизм орталықтарының мұғалімдері, ата-аналары мен балалар, сондай-ақ Болат Өтемұратов қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман, қордың бас директоры Айнұр Кәрібозова және "Верный Капитал" компаниялар тобының басшысы Айдан Ақанов қатысты.

Жобаның басты мақсаты – аутизм туралы қоғамның хабардарлығын арттыру және әр адам өз мүмкіндігін жүзеге асыра алатын инклюзивті ортаны қалыптастыру.
"Инклюзивті жобаларды қолдау – Болат Өтемұратов қорының жүйелі жұмысының маңызды бағыты. Біз осындай бастамаларды адам капиталын дамыту және тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыруға қосқан үлесіміз ретінде қарастырамыз. Астанадағы бұл спектакль – тек мәдени оқиға емес, сонымен қатар аутизм спектрі бұзылысы бар балалардың мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы маңызды қадам", – дейді Болат Өтемұратов қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.
2014 жылы құрылғаннан бері Қор Қазақстанның 12 өңіріндегі 13 "Асыл Мирас" аутизм орталығы арқылы 20 000-нан астам балаға арнайы қолдау көрсетті.
Қойылым соңында қор балаларға естелік сыйлықтар табыс етті.