Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада сот "алаяқ" дегені үшін айыпталған ер адамды толық ақтады

Фото: Михаил Козачковтың желідегі парақшасынан

Астанада әлеуметтік желіде бұрынғы серіктесін "алаяқ" деп атаған азамат сотта толық ақталды. Судья бұл сөздер әдепсіз формада айтылмаған және қарсы тарапты қорлау ниеті дәлелденбеген деген шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астанада сот әлеуметтік желіде өз серіктесін "алаяқ", "алдаушы", "адал емес адам" деп атаған азаматты ақтап шықты. Бұл іс қоғамда адамның қылмыс жасағаны дәлелденбей тұрып оны қалай атауға болатыны жөнінде қызу талқыға түсті.

Постта бір топ азамат өздерін Әбдібай Нұрбалта Біржанұлының әрекеттерінен зардап шеккендер санайтынын жазған. Олардың айтуынша, әртүрлі кезеңде инвестиция, оқу, тауар жеткізу, франшиза, карго және жеке қарыз келісімдері аясында оған 23 миллион теңгеден астам қаржы мен мүлік тапсырылған. Зардап шеккендер сотқа жүгінгенін, сот шешімдері өз пайдасына шыққанын, алайда олардың әлі орындалмай отырғанын мәлімдеген. Сондай-ақ олар бұл деректерді растайтын құжаттарды ұсынуға дайын екенін көрсеткен.

42 жастағы астаналық Нұрлан Әйтенов бұрын бірге жұмыс істеген Нұрбалта Әбдібай туралы әлеуметтік желіде жазба жариялап, оны "алаяқ", "алдаушы" және "адал емес адам" деп сипаттаған. Осыдан кейін Әбдібай азаматты Қылмыстық кодексінің 131-бабы (Қорлау) бойынша жеке айыптау тәртібімен сотқа берген.

Талапкер сотқа ұсынылған сараптама қорытындысында аталған сөздер шындыққа сәйкес келмеген жағдайда адамның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екені көрсетілген.
Алайда істі қараған судья Данияр Жүнісов жарияланымдарды зерттеп, бұл сөздер әдепсіз, былапыт түрде айтылған жағдайда ғана қорлау ретінде бағалануы мүмкін деген қорытындыға келді.

Сот Әйтеновтің қарсыласын әдейі қорлау, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсіту ниеті болмағанын анықтады. Осыған байланысты Нұрлан Әйтенов толық ақталды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін қазақстандық зейнеткер алаяқтарға 10 миллион теңгеден астам ақша аударып жібергенін жазған едік. Қосшы қаласында тұратын зейнеткер интернеттен тез және көп табыс табуға болады деп сендірген инвестициялық жоба жарнамасын көріп қалған. Ұсыныс бір қарағанда көңілге қонымды көрінген. Кейін бәрі классикалық сценарий бойынша дамыды. Ол “кеңесшілердің” нұсқауымен алаяқтар көрсеткен шоттарға 10 миллион теңгеден астам қаражат аударып жіберген.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 10:29