Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада полицейлер конкурс жариялап, жол талғамайтын люкс көліктерге 176 миллион теңге бөлген

cadillac-escalade-esv-image1 (1)

Фото: vroomclub.ru

Астанада полиция департаменті ресми делегацияларды алып жүруге арналған үш автокөлік сатып алу үшін бюджеттен 176,7 миллион теңге бөлді. Техникалық сипаттамасына қарағанда, бұл көліктер қарапайым қызметтік емес, жол талғамайтын люкс санаттағы автокөліктерге жатады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Factcheck.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Астананың полиция департаменті Жаңа жыл қарсаңында қымбат көліктер алуға кіріскен. 31 желтоқсанда мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған хабарландыруға сәйкес, полиция "арнайы күзет және ресми делегацияларды алып жүруге арналған" үш автокөлік сатып алуды жоспарлаған. Әр көліктің бағасы 58,9 миллион теңге. Жалпы сома 176,7 миллион теңге болған.

Өтінім қабылдау бір аптаға созылған, бірақ конкурсқа небәрі бір ғана компания қатысқан. Осылайша, жеңімпаз болып "СарыарқаАвтоПром" танылды. Қазірге келісімшарт әлі жасалмағанымен, полицейлер алмақ болған көліктердің сипаттамасы көп сұрақ тудырып отыр.

Құжаттарда автокөліктің маркасы нақты көрсетілмеген. Бірақ техникалық талаптарына қарасақ, сөз жол талғамайтын, кәдімгі премиум сегменттегі көлік туралы болып отырғаны анық. 

Полицейлерге міндетті түрде қара түсті, бензинмен жүретін V8 қозғалтқышы бар, кемінде 6,2 литрлік моторы бар автокөлік керек. Қуаты – ең аз дегенде 420 ат күші. Қорабы – 10 сатылы автомат.

Өлшемі де шағын емес, ұзындығы 5 метрден асады, ені шамамен 2 метр болады. Ал ең көзге ұратын тұсы 24 дюймдік дискілер. Мұндай дөңгелек қарапайым қызметтік көліктерде емес, көбіне қымбат VIP-кортеждерде ғана кездеседі.

Салоны да қарапайым емес, онда толық былғары, панорамалық шатыр, кілтсіз кіру, орындықтардың, айналардың, руль колонкасының жадысы бар. Үшінші қатардағы орындықтар электрлі түрде жиналады, артқы жолаушыларға жеке мультимедиялық жүйе қарастырылған. Экрандардың көлемі де үлкен – алдыңғы панельде 11 дюймнен кем емес, мультимедиа экраны – 17,7 дюйм. Осындай сипаттамалардың бәрі бір ғана модельге дөп келеді – бұл Cadillac Escalade. Әсіресе 6,2 литрлік V8 моторы мен 24 дюймдік дөңгелектері осы көліктің қымбат нұсқаларына тән.

Айта кетерлігі, соңғы бір айда Астана полициясы тағы екі ірі автокөлік сатып алу конкурсын жариялаған. Бірақ екеуі де өтпей қалған жеткізушілер өтінім бермеген.

Қараша айында департамент 93 автокөлікті лизингке алу үшін 2,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлаған. Тізімде Hyundai, KIA, Skoda, автобустар мен арнайы техникалар да болған.

Ал арада үш күн өткенде полиция тағы бір ауқымды тендер жариялап, бұл жолы 233 көлікке шамамен 8 миллиард теңге жұмсамақ болған. Онда да негізінен KIA Cerato, KIA K5, автозактар мен санитарлық көліктер көрсетілген. Бірақ бұл конкурс та өтпей қалды.
Гелендваген, Cybertruck және "бақ қонған" силовиктер

Соңғы уақытта Қазақстандағы күш құрылымдарының люкс көліктерге қолы жиі жетіп жүргені байқалады. Былтыр қарашада Алматы көшелерінде полиция түстеріне боялған Mercedes-Benz G-Class, яғни гелендвагендер көзге түсті. Кейін полиция олардың екеуі ведомство балансына тегін берілгенін мәлімдеді.

Ал желтоқсан айының соңында алматылықтар МЧС таңбасы бар Tesla Cybertruck-ты көріп таңғалды. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл көлік "заманауи құтқару техникасын сынау" үшін алынғанын айтты. Журналистердің мәліметінше, бұл эксперимент бюджетке 127 миллион теңгеге жуық шығын келтірген.



Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы әкімдігіне қарасты "Қонаев" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы президенттің бюджет үнемдеу туралы тапсырмасынан кейін де қымбат көліктер сатып алғанын жаздық. Жалпы құны 96 млн теңге болатын Toyota Land Cruiser 300 (61 млн) және KIA K9 (34,9 млн) автокөліктері кейін әкімдікке өтеусіз берілген. Әкімдік олар тек қызметтік мақсатта пайдаланылады деп түсіндіргенімен, қымбат көліктердің нақты кімге тиесілі екені туралы сұрақтар ашық қалды. Бұған дейін де әкімдік жол талғамайтын TANK маркалы көліктер алғаны айтылған.

Айым Атамбаева
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 12:33