Астанада пәтерге тұрғындарды тіркеуге шектеу қойылмақ: Президент жаңа заңға қол қойды
Фото: pixabay.com
Қазақстан президенті елордада мекенжай бойынша тіркеу және қалада уақытша болу ережелерін белгілеу құқығын мәслихатқа беретін заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәслихаттың жаңа өкілеттігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды, ұлттық жобаларды дамыту, кәсіпкерлік және мемлекеттік органдардың функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңда қарастырылған.
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл өзгеріс "резеңке пәтерлер" мәселесін шешу үшін қажет екенін айтқан еді. Тұрғындар тұрғылықты жері жоқ азаматтарды ақылы түрде тіркеп, көші-қон заңнамасын бұзып келген.
"Бір азаматқа қанша шаршы метр қажет екенін мәслихат белгілейді. Елордада белгіленген нормадан артық тіркеуге тыйым салынады. Бұл ретте тіркеу нормалары тұрғын үй иесінің жұбайы мен жақын туыстарын тіркеуіне қолданылмайды", – деп түсіндірді Серік Жұманғарин.
Жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, бауырлары, аталар, әжелер және немерелер жатады.
Ұлттық экономика министрлігі түзетулер күшіне енгенге дейін пәтерге тіркелгендер жазаланбайтынын мәлімдеген.

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
