Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада өнеркәсіптік альпинист тоғызыншы қабаттан құлап кетті

Астанада өнеркәсіптік альпинист 9 қабаттан құлап кеттіФото: Freepik.com

Астанада өнеркәсіптік альпинист салынып жатқан тұрғын үй кешенінің шатырынан құлап кетті. Полиция департаменті оқиғаның мән-жайына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға дүйсенбі, 9 ақпанда Бұқар жырау көшесінде болған. Зардап шеккен азамат – 1997 жылы туған ер адам, ол ауруханаға жеткізілді. 

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

“Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы 9-қабат деңгейінде тепе-теңдігін жоғалтқан, ал төмен түсуге дайындық сәтінде сақтандыру жүйесі бекітілмеген болуы мүмкін. Қазіргі уақытта 28 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылды, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – деп хабарлады полиция.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Ал BI құрылыс компаниясының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, альпинистің шамамен сағат 16:00-де терезе жуу кезінде құлаған. 

“Зардап шеккен адамға ота жасалды, ол есін жиды. Еңбек инспекциясының қатысуымен тексеріс жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді компания.

Айта кетейік, бұған дейін астаналық тұрғын өнеркәсіптік альпиниске қоқан-лоқы көрсеткені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 17:08