Астанада митинг ұйымдастырушылар Ақорданың алдына бармақ болған - ІІМ
26 қарашада Астанада рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысушылар Ақорданың алдына шеруге шығуға шақырған соң ұсталған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді.
Ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, заңсыз шара барысында полицейлер 18 адамды ұстап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олар 15 тәулікке қамауға алынған. Ұсталғандар арасында басқа облыстардың тұрғындары да бар.
"Заңсыз шараға 300-ге жуық адам жиналып, бір жарым сағаттан соң Ақорданың алдына қарай жүруге шақыра бастады. Сондықтан (акцияға қатысушыларды. – ред.) жауапкершілікке тартуға мәжбүрміз. Біз олардың нені талап ететінін күтіп тұра алмадық, өйткені заңсыз шеру әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады", – деді Игорь Лепеха.
- Сайлау өтіп жатқан уақытта Алматыда бірнеше митинг өтті. Полиция белсенділерді ұстап алып кетті
- Сайлау күні рұқсат етілмеген митингіге шақырғаны үшін төрт адам жауапкершілікке тартылды - ІІМ
Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары полицейлердің заңсыз шерудің небәрі 20-30 минутта жолын кескенін атап өтті. Сондай-ақ ол митингті ұйымдастырушы Марат Әбиевті сот 15 тәулікке әкімшілік қамауға алғанын еске салып өтті.
Еске салайық, Астанада 26 қараша күні кешке стационарлық және мобильді интернет бір сағат бойы істемей қалған еді. Байланыс қалпына келген кезде, дәл сол уақытта қалада өздерін "Болашақ сәулетшілері" деп атаған белсенділер тобы ұсталғаны белгілі болды. Белсенділерді кәсіпкер Марат Әбиев алып жүрген.
Кейін мемлекеттік техникалық қызмет интернеттің өшірілуін апатпен байланыстырды. Кейін полиция Астанадағы митингке 300-ге жуық адам қатысып, тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткені туралы ақпарат таратты.