Астанада коммуналдық қызметкерлер жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты

Астанада “Elorda Eco System” компаниясының қызметкерлері ереуілге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдікке қарасты компанияның 80-ге жуық жұмысшысы жұмысқа шықпай, ең алдымен жалақыны көтеру және қосымша жұмыс сағаттары үшін әділ төлем жүргізу сияқты еңбек шарттарын қайта қарауды талап етті. Қызметкерлер өз талаптарын журналист Сания Тойкеннің Facebook-тегі тікелей эфирінде мәлімдеді.
Қызметкерлердің айтуынша, қазір қар еріп, су басу жағдайлары басталғандықтан жұмыс күні 11 сағатқа дейін созылады. Ал бұл қосымша жұмыс ресми түрде есепке алынбайтын көрінеді. Бір жұмысшының айтуынша, қазір олардың айлығы 348 мың теңгені құрайды.
“Қазір біз 11 сағаттан жұмыс істейміз. Заң бойынша осы 11 сағат үшін бізге ақы төленуі керек. Төлейміз деп айтады, бірақ оны қағаз жүзінде көрген емеспіз. Басқа ұйымдарда сыйақы айлықтың көлемінде беріледі, ал бізде – 100 мың теңге, 50 мың теңге ғана", – дейді жұмысшы.
Сондықтан ереуілге шыққандар қосымша жұмысқа ақы төлеу туралы ресми бұйрық шығаруды талап етті.
Сонымен қатар қызметкерлер басшылықтың қарым-қатынасына да көңілдері толмайтынын айтады. Айтуларынша басшылық адамдарды еш себепсіз жұмыстан шығара салатын көрінеді. Тіпті басшылық бір қызметкерді дизель отынын ұрлады деп айыптап, қызметкер компанияны сотты жеңіп шыққан.
Коммуналдық шаруашылық басқармасы 17 наурызда "Elorda Eco System" қызметкерлерінің жұмысқа шықпағанын растады. Ереуілге шыққандармен әкімдік пен еңбек инспекциясының өкілдері кездесу өткізген.
“Астананың бір коммуналдық кәсіпорын аумағында жалақы деңгейіне наразылық білдірген қызметкерлер тікелей еңбек процесін бұзып, басқалардың міндеттерін орындауына кедергі келтірді. Адамдармен түсіндіру кездесулері өткізілді, бірақ ереуілшілердің бір бөлігі талаптарын ұстануды жалғастырды. Жеке жағдайларда қоғамдық тәртіп бұзушылықтар тіркелді. Осыған байланысты жағдайға құқық қорғау органдары араласты”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, "Elorda Eco System" – Астана қаласының мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, ол қаладағы нөсерлік кәріз жүйесін және тазарту құрылғыларын күтіп‑ұстаумен айналысады.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған