Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада кафеден өрт шығып, кейін сегіз қабатты тұрғын үйді шарпыды

Астанада кафеде өрт шығып, жоғары қабатқа жайылдыФото: Желі кадрларын

Астанада 18 қыркүйекте кафеден өрт шығып, кейін жалын сол ғимараттың бірнеше тұрғын үй қабатына жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға Ақмешіт көшесіндегі Karima кафесінде болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланды. Кадрларда өрттің кафені толық шарпып, бірнеше қабатқа дейін таралғаны көрінеді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің нақтылаған ақпараты бойынша, өрт Есіл ауданындағы Достық көшесінде орналасқан сегіз қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған кафеде басталған.

"Бірінші өрт сөндіру тобы келген сәтте жалын үйдің сыртқы қаптамасына ауысып кеткен. Өртті сөндіру үшін су беру ұйымдастырылып, бірнеше өрт сөндіру оқпаны қолданылды. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды оқшаулады. Оқиғаның егжей-тегжейі нақтыланып жатыр", – делінген хабарламада.



Министрлік өртті сөндіру қиын болғанын алға тартты.

"Себебі өрт сөндірушілер келген уақытта от кең етек алып үлгерген еді. Сонымен қатар ғимараттың құрылыс ерекшеліктері, жоғары жану қаупі бар материалдардың көптігі және қатты түтін жұмысты қиындатты. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі анықталуда. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ", – деді ТЖМ өкілдері.

STAN.KZ
Бейсенбі, 18 Қыркүйек, 2025 09:21