Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада із-түcсіз жоғалып кеткен студенттің мәйіті табылды

Фото: instagram.com/@oo_qanat

Астанада із-түcсіз жоғалып кеткен студент Темірлан Темірхан өлі күйінде табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

19 жастағы жас жігіт сабақтан шыққан соң үйіне оралмаған. Еріктілер мен полиция бозбаланы үш күн бойы іздеген. Іздеу нәтижесінде тәртіп сақшылары жігіттің денесін қала шетінен тапты.

“Еріктілер мен әскери қызметкерлердің қатысуымен жас жігіттің жүріп өткен бағыты бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілді. 14 қараша күні жолдың жиегінде өсіп тұрған ағаштардың жанынан із-түзсіз кеткен жігіттің денесі табылды. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері болған жоқ”, – деді Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шәуленова.

Темірлан 1-курс студенті, шет тілі мамандығында оқыған. Оқытушылары оның ашық, тәртіпті, сабақтан қалмайтын үлгілі студент болғанын айтады. Психологтар да мінезінде күдік тудырған ешқандай белгілер байқалмаған деп отыр. 11 қараша күні ол институт ғимаратынан жалғыз өзі шығып кеткен. 

Темірлан жатақханада тұрмаған, Талапкер ауылынан қатынып оқыған екен.

“Осы 3 айдың ішінде бала өзін өте жақсы көрсетті. Сабақтан қалмайтын, оқытушылары барлығы бір ауыздан баланың өте ашық, мінезінде ешқандай олқылықтар байқалмағанын айтып отыр”, – деді А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының ректоры Нұрбану Нығманова. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында 11-сынып оқушысы 14 жастағы жасөспірімді ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 21:48