Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлады: Адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алды

адамдарды құтқаруға барған фельдшер жарақат алдыФото: freepik.com

Астанада жедел жәрдем фельдшері Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйдің қасбеті (сыртқы бөлігі) құлаған кезде адамдарды құтқармақ болып ауыр жарақат алды. Жұмысы кезінде қызметкердің үстіне ауа салқындатқыш (кондиционер) құлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Зардап шеккен қыздың күйеуі әлеуметтік желіде оқиғаны баяндап берді. Айтуынша оқыс жағдай 8 қараша күні болған.

"Менің әйелім Байқоңыр аудандық жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып жұмыс істейді. 8 қараша күні таңертең ол қасбеті құлаған үйге шақырту бойынша барған. Олар оқиға орнында бес минуттай ТЖМ қызметкерлерін күтті. Бірақ олар келмеді. Сол кезде жылап жатқан кішкентай балаларды көріп, әйелім оларға қарай жүгіріп, балаларды алып шыққан. Кейін ер адамды құтқармақ болғанда, тоғызыншы қабаттан кондиционер басына құлап түскен", – деді ол.

Күйеуінің айтуынша, әйеліне жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылған. Дәрігерлер бас сүйегіне ота жасап, қан кетуді тоқтатып, гематоманы алып тастаған. Көз, мұрын және шүйде сүйектері сынған.

Азамат істің тыныш жабылып қалуына алаңдап, желіге видео жариялады. 



Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 278-бабы ("Сапасыз құрылыс") бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Ал Денсаулық сақтау басқармасы бес адамның жарақат алғанын хабарлады. Олардың барлығы №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

"Бір науқастың жағдайы өте ауыр, оған шұғыл ота жасалуда. Тағы екі науқас жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр. Қалған екі адамның жағдайы тұрақты. Олар аурухана бөлімшесінде жатыр. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде", – делінген ресми хабарламада.

Гүлсезім Мұхатай
Жексенбі, 09 Қараша, 2025 12:18
Талқылау